Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. Бастама Қазақстан Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Облыстық білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ директорының орынбасары, марафонның Жетісу облысы бойынша жобалық офисінің жетекшісі Эльвира Тұрсынбекқызы мәлімдеді.
Марафон биылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдерінде екі лига бойынша өтеді. Оған мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін, кітап оқуға қызығушылық танытқан кез келген азамат қатыса алады.
Жоба жеті бағытты қамтиды. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер».
Әр бағыт бойынша 330 кітаптан тұратын арнайы тізім әзірленген. Оған отандық авторлардың шығармалары, әлем әдебиетінің классикалық туындылары мен заманауи кітаптар енгізілген. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, әр шығарма бойынша пікірін арнайы жүйеге жібереді.
Эльвира Тұрсынбекқызының айтуынша, жобаға қатысушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары.
«Өңірімізде кітап оқуға қызығушылық танытатын оқырмандардың көп екенін байқап отырмыз. Бірнеше мемлекеттік органда кездесу өткізіліп, қатысушылардың «бұл кітапты бұрыннан білемін», «мына кітапты оқып қойғанмын», «ұсынылған он кітаптың бесеуін оқыдым» деген пікірлерін естіп жүрміз. Қазіргі таңда марафонға мектеп бағыты бойынша 38 469, педагогтер арасында 12 215, университет бағыты бойынша 3 016, колледждерден 5 391, отбасылық командалар арасында 1 392, мемлекеттік қызметшілер қатарынан 4 672, ал кітап оқитын зияткерлер бағыты бойынша 1 966 қатысушы тіркелген. Жалпы қатысушылар саны 69 мыңға жуықтады. Оның 50 мыңнан астамы – мектеп оқушылары мен педегогтер», – деді Эльвира Тұрсынбекқызы.
Қатысушылардың нәтижесі балдық жүйе арқылы бағаланады. Оқылып, расталған әр кітапқа 250 балл беріледі. Белгіленген оқу кестесін сақтағандарға қосымша 50 балл есептеледі. Сонымен қатар кітап туралы бейнепікірін әлеуметтік желіде жариялағандар қосымша ұпай жинай алады.
«Қатысушыларды объективті бағалау үшін балдық жүйе қарастырылған. Жеке кабинетте жинаған ұпайларынан кейін олар платформа арқылы тестілеуден өтеді. Одан әрі бетпе-бет форматтағы Quiz кезеңі ұйымдастырылады», – деді жобалық офис жетекшісі.
Марафон ресми бастау алды 15 қыркүйекте. Жаңа қатысушыларды тіркеу 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Қорытынды кезең 2027 жылғы наурыз-сәуір айларына жоспарланған. Оның аясында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
Аяулым Шынгаева





