Қазақстанда кітапхана саласын цифрландыру және мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Осы ретте Қазақстан Кітапханалар Одағы сала мамандарына арналған жаңа ақпараттық порталды ресми түрде іске қосты. Жаңа ресурс заңнамалық құжаттардан бастап әдістемелік материалдар мен салалық жаңалықтарға дейінгі ақпаратты бір жерге топтастырып, кітапхана мамандарының тәжірибе алмасуына және кәсіби байланысын нығайтуға кең мүмкіндік береді.
Қазақстан Кітапханалар Одағы әзірлеген жаңа ақпараттық портал кітапхана ісін заманауи талаптарға сай дамытуды көздейді. Платформада салаға қатысты заңнамалық және нормативтік актілер, әдістемелік және білім беру материалдары, салалық басылымдар мен отандық баспалар туралы толық мәлімет жинақталған. Бұл маман даярлау және біліктілікті арттыру процесін едәуір жеңілдетеді.
Платформаның басты артықшылығы – саладағы мамандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасауында. Мұнда ағымдағы жаңалықтар, алдағы маңызды іс-шаралар туралы хабарландырулар және сапалы оқыту материалдары тұрақты жарияланады.
Сонымен қатар, порталда мамандардың пікір алмасуына арналған арнайы интерактивті форум жұмыс істейді. Ал ресурстағы «Зерделі ұлт» арнайы бағыты кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуді, заманауи кітапханалардың қоғамдағы ролін арттыруды және ұлттық зияткерлік құндылықтарды насихаттауды басты мақсат етеді.
Айта кету керек, жаңа ресурс кітапхана саласында ірі реформалар қолға алынған кезеңде ашылып отыр. Қазіргі таңда «Кітапхана және баспа ісі туралы» жаңа заң жобасы талқыланып, библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттары тәжірибеге енгізілуде.
Оған қоса электрондық құжаттарды есепке алудың жаңа тетіктері әзірлене бастады. Кітапхана жұмысын автоматтандыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануға баса мән беріледі.
Қазақстан Кітапханалар Одағының kitaphanalarodagy.kz ресми порталы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Пайдаланушыларға қажетті ақпаратты оңай табу үшін іздеу тетігі мен тақырыптық сүзгі орнатылған. Порталға тіркелгеннен кейін жеке кабинет арқылы қосымша қызметтерді еркін пайдалануға болады.





