Тәуелсіздік – ұлттың маңдайына жазылған ұлы бақ, ұрпаққа аманат болған қасиетті мұрат. Сол мұраттың айбынын асқақтатып, елдік сананы бекемдей түсетін киелі нышандардың бірі – мемлекеттік Ту. Көк байрақтың көкте желбіреуі – азаттықтың айғағы, халықтың бірлігі мен мемлекет баяндығының белгісі. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге тағзым ету – елге деген адалдықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Осы игі ұстаным аясында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «35 ауыл – 35 ту тұғыр» патриоттық жобасы бойынша мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков, «Жетісу Медиа» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ришад Тұрғанбай, облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, аймақтың аудан-қалаларынан келген азаматтар мен жобаға қолдау көрсеткен демеушілер қатысты.
Жоба аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні облыстың 35 ауылында бір мезгілде Мемлекеттік Ту тұғыры бой көтерді. Панфилов ауданынан бастау алған тағылымды бастама аз уақыттың ішінде өңірдің барлық аудан-қаласына кеңінен таралып, елдік рухты еселеген ортақ іске айналды.
Ту тұғырларын орнатуға туған жердің жанашыр перзенттері, өңірден түлеп ұшқан азаматтар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қолдау білдірді. Бұл – туған топыраққа деген перзенттік ықыластың, мемлекетке деген құрметтің нақты көрінісі. Басқосуда сөз алғандар мұндай игі істер өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет дарытып, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы мәнін таразылады.
Марапаттау рәсімінде елдік бастаманың жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың туған өлкенің көркеюіне қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Жиында сөз сөйлеген облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы жобаның рухани маңызына ерекше тоқталды.
– Әр ауылда Ту тұғыры бой көтерген сәтте жүректі ерекше сезім биледі. Сонда бір нәрсеге анық көзіміз жетті. Осы істің басында жүрген азаматтардың әр сөзінен туған жерге, елге, мемлекетке деген шынайы сүйіспеншілік аңғарылады. Сондайда ақын Есенқұл Жақыпбектің:
«Біздің елдің жігіттері –
жігіттердің төресі,
Солар жайлы, ағайын-жұрт,
не білесің сен осы?
Осы елден бақ пен қызыр
кетпесе екен деп тілеп,
Осы елдің осал жерін түзеп
жүрген шегесі…»
деген жыр жолдары еріксіз ойға оралады. Қазақ «Азаматына қарап ауылын таны» дейді. Расында, ауылдың ажары да, абыройы да елге қызмет еткен азаматтарымен өлшенеді. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей, әрбір жан туған жеріне титтей болса да пайдасын тигізсе, еліміздің еңсесі бұдан да биіктей түседі. Тарихқа үңілсек, Абылай ханның ақ туының астына үш жүздің басы қосылған. Демек, қай дәуірде де Тудың қадірі биік болған. Сондықтан қасиетті Көк байрағымыз мәңгі көкте желбірей берсін, – деді ол.
Салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Бақытұлы елдік іске қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын жеткізіп, мұндай бастамалардың қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, туған жердің өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың абыройлы борышы, ал мемлекеттік рәміздерді ұлықтау ұлттық сананы бекемдейтін тағылымды қадам.
Ал «Жетісу Медиа» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ришад Тұрғанбай бұл жоба тек ту тұғырларын орнатумен шектелмейтінін атап өтті.
– Көк Тудың әр ауылда асқақ желбіреуі – елдік сананы жаңғыртатын үлкен тәрбие мектебі. Бүгінгі атқарылған іс ертеңгі ұрпақтың жүрегіне туған елге деген мақтаныш сезімін ұялатады. Осындай тағылымды бастамалар көбейген сайын ұлттық құндылықтарымыздың қадірі артып, қоғамдық бірлік нығая түседі. Бұл – баршаға ортақ іс, ортақ жауапкершілік, – деді ол.
Шара соңында жобаға демеушілік жасап, елдік іске жанашырлық танытқан азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Ел игілігін бәрінен биік қойған жандардың еңбегі көпшілік алдында лайықты бағаланып, олардың өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі ретінде дәріптелді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





