«Қыстың қамын жаз ойла». Жетісу аймағында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, қор қалыптастыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу басты назарда.
Облыстағы көмір қоймаларында қатты отыннан тапшылық жоқ. Мамандардың есептеуі бойынша облыс халқының көмір қажеттілігі 375 мың тоннаның көлемінде. Оның 177,2 мың тоннасы «Қаражыра» кенішінен, ал 197,7 мың тоннасы «Шұбаркөл» кенішінен әкелінбекші.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетика және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Хасеновтың айтуынша, облыста 46 көмір сату нүктесі бар. Оның 38-і теміржол тұйығы болса, 8-і көмір қоймасы. Қазіргі таңда аталған нысандарда жалпы көлемі 32 мың тонна көмір қоры жинақталған. Оның 13 мың тоннасы Талдықорған қаласындағы қоймаларда сақтаулы.
Аймақтағы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында мамырдан бері теміржол арқылы 24 мың тонна қатты отын әкелінген. Бұл жалпы қажеттіліктің 6 пайызын құрайды. Орта есеппен тәулігіне облысқа 9 вагон немесе 621 тонна көмір келеді. Оның ішінде алты вагон «Қаражыра» кенішінен, үш вагон «Шұбаркөлден» жеткізіледі. Қазіргі уақытта облыста көмір қоры жеткілікті болғанымен тұрғындардың басым бөлігі отынды күзге қарай сатып алуға бейім. Ал бұл кезеңде сұраныстың күрт артуы салдарынан кезек көбейіп, тасымалдау жұмыстары қиындауы мүмкін.
– Қазіргі таңда қоймаларда көмір жеткілікті. Сондықтан тұрғындарды ауа райы қолайлы кезде көмірді алдын ала сатып алуға шақырамыз. Бұл уақытты үнемдейді әрі көмірді еш кедергісіз жеткізіп алуға мүмкіндік береді, – дейді маман.
Бүгінде аудандық және қалалық әкімдіктердің мәліметіне сәйкес көмірдің бір тоннасының бағасы 21 500 теңгеден 35 000 теңгеге дейінгі аралықта. Бағаның айырмашылығы көмірдің түріне, жеткізу қашықтығына және логистикалық шығындарға байланысты қалыптасқан. Әсіресе теміржол тұйықтарынан шалғай орналасқан Ақсу және Сарқан аудандарында жүк көлігімен тасымалдау шығындарының жоғары болуына байланысты көмір бағасы қымбатырақ.
Жылыту маусымына дайындық – тек жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның да ортақ міндеті. Мамандардың айтуынша, көмірді жаз айларында немесе ерте күзде қамдап қою – қыс мезгілінде туындайтын кезек пен бағаның құбылу қаупін азайтудың ең тиімді жолы.
Дастанбек САДЫҚ





