Облысымызда бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту – басты бағыттардың бірі. Тұрғындардың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыра отырып, спорттағы жетістіктерді арттыру жоспар бойынша жүйелі жүзеге асып келеді. Биылғы 6 айдың есебі бойынша өңіріміздегі спортқа арналған нысандардың салынуы, атлеттеріміздің табысы, тұрғындардың дене шынықтыруға ден қоюы көңіл қуантады.
Бүгінде облысымызда жалпы 1099 спорттық құрылым жұмыс істейді. Атап айтсақ, 13 стадион, 3 спорт сарайы, 4 спорттық құрылымдар кешені, 42 спорт кешені, 2 шаңғы базасы, 7 атыс тирі, 17 хоккей корты, 978 жазықтық құрылым, 11 теннис корты, 1 ипподром, 18 бассейн және олардың ішінде 502 залмен 20 жапсарлас спорттық зал қызмет көрсетіп жатыр. Былтырдан бері қарай облыстық бюджетпен жеке кәсіпкерлердің есебінен облысымызда бірнеше спорт нысаны бой көтеріп, пайдалануға берілді. Сол тізімде Текелі қаласы, Сарқан ауданындағы Алмалыда, Панфилов ауданындағы Үшаралда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Сарқан қаласында футбол манежі, Қаратал ауданындағы Көпбірлік, Тастөбе, Ескелді, Жаңаталап, Кербұлақ ауданындағы Қызылжар, Ескелді ауданындағы Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында блокты-модульді спорттық кешен бой көтерді. Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Ақсу ауданындағы Қапал және Панфилов ауданындағы Көктал ауылында кешен салынды.
Жеке кәсіпкерлердің көмегімен Талдықорғанда волейболға арналған оқу-жаттығу кешені мен 40 орынды тұрғын үй, одан бөлек үстел теннисі орталығы бой көтерді. Ал биыл Алакөл ауданы Лепсі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жатақханасының, жылыту қазандығының құрылысы, Қабанбай ауылында 80 орынды спорттық кешен және Қарабұлақ ауылында одан бөлек, Қаратал ауданы Алмалы ауылында блокты-модульді кешен, Талдықорған қаласында көркем гимнастикаға арналған зал салынып жатса, жеке кәсіпкердің қолдауымен Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылында блокты-модульді үстел теннисі нысаны қолданысқа берілді. Спорт мамандарын жұмыспен қамту, олардың дәрежесін өсіру бойынша да жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Бұл жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі: «Қазіргі уақытта облыста 846 дене шынықтыру және спорт ұжымы бар. Оларда 292 504 адам спортпен шұғылданады. Бұл дене шынықтыру және спортпен айналысатын облыс халқының 42 пайызын қамтиды. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын халықтың үлесі 8,9 пайызды құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 24 спорт түрімен 1519 адам айналысады. Қазіргі уақытта облыста қысқы спорт түрлері бойынша 205 үйірме жұмыс істейді. Оларда қысқы спорттың 7 түрімен 3 823 спортшы (оның ішінде 2539 ауылдық жерлерде) айналысады. 2025 жылға жан басына шаққандағы спорттық тапсырысты қаржыландыруға 1,3 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні 6930 ваучер іске қосылып, облыс бойынша 6930 бала қамтылды, жобаны 37 өнім беруші жүзеге асыруда», – деген ақпарат берді.
Балалар спортынан бастап, ересек санатындағыларға дейінгі қолдау айрықша. Мәселен, облысымызда биыл алғаш рет жасөспірімдерге арналған «J-league» ауқымды спорттық жобасы іске қосылып, өңіріміздегі барлық аудан мен қаладан 9 мыңға жуық бала қатысты. «Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасында жеңіске жетіп клубтар арасындағы Әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл жөнінде «Жыл басынан бері облыс спортшылары барлық деңгейдегі жарыстардан 811 медаль (293 алтын, 253 күміс, 265 қола) алды. Ал Халықаралық деңгейде 14 спорт түрі бойынша 51 спортшы жеңімпаз атанды. Биыл 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 44 ҚР спорт шебері, 553 спорт шеберіне үміткер және 152 бірінші спорттық разрядты спортшы дайындады. Жарыста жоғары нәтиже көрсеткен 181 (оның ішінде 82 мүмкіндігі шектеулі) спортшыға 78 мың теңгеден 471 мың теңгеге дейін айлық қарастырылған», – деп толықтырды басқарманың баспасөз қызметі.
Жыл соңына дейін жетісулықтар жеңісті жолды жалғап, үздіктер тізімінен түспейді деп ойлаймыз. Оларға жасалған жағдай да жақсы. Тек ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғау ғана қалып тұр.
Серік ҚАНТАЙ





