Іле ауданының Түймебаев ауылында қайғылы жағдай болды. Өзен бетіндегі мұздың ойылуы салдарынан алты және төрт жастағы екі бүлдіршін суға батып кетті. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Жұқа мұздағы жазатайым оқиға туралы ақпаратты Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті растады.
Түскі сағат 13.32-де Алматы облысы, Іле ауданы, Түймебаев ауылында үлкендердің қарауынсыз қалып, өздерінің абайсыздығынан Кіші Алматы өзенінде жұқа мұздың астына түсіп, 2014 және 2016 жылдары туған екі баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қайтыс болғандардың денелерін туыстары тауып, судан шығарып алған.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті ата-аналардан балаларды су маңында үлкендердің қарауынсыз қалдырмауды сұрайды. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы мұздың қалыңдығы адам салмағы үшін жеткіліксіз, осыған байланысты азаматтар, әсіресе, балалар жұқа мұз үстіне шықпағаны жөн.
Мұз үстіндегі жүріс-тұрыс қағидалары мен қауіпсіздік шаралары төмендегідей:
— Жұқа және қатпаған мұзға шығуға болмайды.
— Мұздың беріктігін аяқтың соққысымен тексеруге болмайды.
— Тәуліктің қараңғы уақытында, көруге мүмкіншілік нашар кезде (тұман, қар, жаңбыр) және мас күйде мұзға шығуға болмайды.
— Өзен арқылы өту кезінде жабдықталған мұз өткелдерін пайдалану керек.
— Су қоймасын топпен өту кезінде бір-бірінен арақашықтықты (5-6 м) сақтау қажет.
— Қатып қалған өзенді (көлді) шаңғымен өткен жөн, қажет болған жағдайда оларды тез шешу үшін шаңғылардың бекітпелерін ағыту керек. Шаңғы таяқшаларын қолдың білезік буынына ілмекті ілмей ұстап, қауіп төнген жағдайда оларды бірден тастау керек.
— Мұзда балық аулау кезінде бір-бірінен 5-6 метр қашықтықта шұңқыр жасау қажет. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін, балықшының құтқару кеудешесі немесе төс кеудешесі, сондай-ақ, ұзындығы 15-20 метр, бір ұшында ілмегі бар және екіншісінде 400-500 г жүгі бар арқан болуы тиіс. Жүк арқанды суға құлап кеткен жолаушыға лақтыруға көмектеседі.
— Жұқа, шытынаған мұз бетінде қалсаңыз, абайлап кері бұрылып, сырғымалы қадамдармен жүріп өткен жолыңызбен жағаға қайта оралу керек.
— Мұздай суға түскен адам 10-15 минуттан кейін қатты тоңып, ал 20 минуттан кейін есін жоғалтатынын естен шығармаңыз.
Мұздың беріктігін былай да анықтауға болады: көк түсті мұз – берік, ақ түсті мұз – беріктігі 2 есе аз, күңгірт-ақ немесе сарғыш түсті мұз — сенімді емес деген сөз.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





