Қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүруі ең алдымен заң үстемдігіне, қоғамдық тәртіптің сақталуына және әрбір азаматтың жауапкершілік ұстанымына тікелей байланысты. Құқықтық мәдениеті жоғары, саналы әрі белсенді жастар – әділетті қоғамның басты тірегі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ілгерілету аясында «Legal Talk: ашық микрофон» форматындағы жастар форумы ұйымдастырылды.
Аталған форум жастар мен мемлекеттік органдар арасында ашық диалог орнатуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдағы өзекті құқықтық мәселелерді бірлесіп талқылауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форумның басты ерекшелігі – ашық микрофон форматы болды. Бұл формат қатысушыларға өз ойларын еркін жеткізуге, көкейіндегі сұрақтарын тікелей сала мамандарына қоюға және нақты әрі түсінікті жауап алуға мүмкіндік берді. Іс-шара барысында заң мен тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік, жастардың құқықтары мен міндеттері, интернет кеңістігіндегі қауіптер және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Форумға Жетісу облысының прокуроры Б. Жұмақанов, Жетісу облысы әкімінің орынбасары М. Көлбаев, Жетісу облысы Полиция департаментінің басшысы С. Құсайынов, Жетісу облысының Әділет департаментінің басшысы Ж. Бексұлтан, Жетісу облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары М. Құрбанов қатысты.
Сала мамандары жастармен еркін пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл өз кезегінде жастардың құқықтық мәселелерге қызығушылығын арттырып, тақырыпты жеңіл әрі түсінікті форматта қабылдауына ықпал етті.
Аталған форумға 200-ге жуық жас қатысты. Іс-шара жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бір бөлігі болды. Форум пікір алмасу алаңы ғана емес, жауапты әрі саналы қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадам ретінде бағаланды.





