Тіршілік әлемінің бір бөлшегі әрі табиғаттың құнды байлықтарының үлкен саласы болып саналатын жан-жануарлар әлемінде қанатты құстардың алатын орны өте ерекше. Олардың арасында ең қызықтысы да, тартымдысы да, сүйкімдісі де жиі ұшырасады. Құстардың көкті шарлап ұшуы, көрікті түр-түстері, қауырсындарының ғажайып құбылмалы бояулармен өрнектеліп, нақышталынуы кімді болса да таңғалдырары күмәнсіз. Сазды да әуезді әуендерімен еліктіріп, тамсандыратындары қаншама?!
Құстардың табиғатты сүюге деген құштарлықты арттыра түсетін өзіндік ерекшелік қасиеттері де жеткілікті. Жасыл желекті бау-бақтардан, сыңсыған ормандар мен жынысты тоғайлардан, шалқарлы айдындар мен ағынды өзен-көлдер маңынан құстардың сан құбылған әуезді әуендерін тыңдаудың өзі жан рахаты. Ләззат беретін әсеріне бөлену де бір ғанибет-ау! Бұлбұлдар мен сандуғаштардың, сайрауықтар мен торғайлардың, сан алуан құстардың осындай өзіндік ерекшеліктері, сазды ысқырығы, ешкіемерлердің шұрқырауының тылсымы, көкектердің мұңлылау үні құлағымызға жақсы таныс.
Құстардың тіршілігі мен сұлулығы сазгерлердің, ақындардың, суретшілердің және сәулетшілердің шығармашылықтарынан ойып тұрып орын алғаны да жұртшылыққа жақсы аян. Құстардың осындай өзіндік ерекшеліктері қаламгер Әли Ысқабайдың жақында баспадан жарық көрген «Жүз құс жайлы жүз жұмбақ-тақпақ» атты кітабында жан-жақты қамтылған десе болады. Ондағы жұмбақтардың басты мақсаты – ғаламшарымыздағы ең әдемі құстармен таныстыруға бағытталған. Көрікті құстардың сыртқы сан алуан бояулы қауырсындарының құлпыра құбылулары адамды қызықтыратын көрініс ретінде кітапқа енген. Жұмбақтар негізінен әлемдегі ең әдемі құстардың кейбірімен таныстыруға бағытталған. Табиғаттағы құстардың арасында ешнәрсеге ұқсамайтын ең алып, ең кішкентай, ең әдемі, ең мықты, ең шыдамды, ең пысық қанаттылар да жеткілікті екендігіне көз жеткізеді. Қысқасы, құстар өздерінің түр-түсімен, мінез-құлқымен адамды таңырқата да, қызықтыра да түсетіні кәміл. Жұмбақ-тақпақтарға арқау болған да осы жайттар.
Құстардың ғажайып әлеміне көңіл бөліп, қызығушылықты тудыру арқылы оларды жақын білуге, азды-көпті құстардың тіршілігін қамту арқылы табиғатты аялауға ықпал етеді деген ниеттен туындаған жұмбақтарды мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері оқып-жаттау арқылы қанаттылар жайлы көптеген мағлұматтар алуына көмекші құрал ретінде пайдалануына болады.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ





