Биыл республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға 100 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы El.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Биыл республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражаттың кем дегенде 20%-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Сонымен қатар әр өңірде бюджеттен тыс және демеушілер қолдауы есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген осы санаттағы балаларды қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар бар, — деді Әлихан Смайылов өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барған кезінде.
Сонымен қатар, премьер-министр әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін оқуға квота көзделгенін атап өтті, бүгінде ол бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының 1%-ын құрайды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жеткілікті көлем, алайда Үкімет қажет болған жағдайда оның мөлшерін қайта қарауға дайын.
Әңгіме барысында орталық директоры Бибігүл Такисова Әлихан Смайыловқа мекеме аумағында спорт алаңын салуға жәрдемдесу туралы өтініш айтты.
Өз кезегінде Үкімет басшысы қала әкімі Жеңіс Қасымбекке осы мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
Фото: ашық дереккөзден