Мәдениет – ұлттың тарихи жадын сақтайтын, рухани тамырын тереңдететін, халықтың болмысын айқындайтын ең ұлы құндылықтың бірі. Қоғамның дамуы мен өркендеуі де ең алдымен оның мәдени деңгейімен өлшенеді. Өйткені ол – ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, келешекке бағыт беретін рухани бағдаршам.
Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өңірдің мәдениет және өнер саласының өкілдерін, шығармашылық ұжымдарды, сала ардагерлерін және руханият жанашырларын тоғыстырып, Жетісу мәдениетінің бүгінгі жетістіктерін саралаған, болашақ бағдарын айқындаған тағылымды басқосуға айналды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев рухани құндылықтың қоғам өміріндегі ерекше орнына тоқталып, сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді.
– Мәдениет пен өнер – біздің өміріміздің бөлінбес бөлшегі, елдің рухани діңгегі. Ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Еліміздің мәдени, рухани өміріне жаңа өріс, дем беріп, жарқын істердің ұйытқысы болып, әрқашан да биіктен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді облыс басшысы.
Өңір басшысы өз сөзінде Жетісу жерінің рухани әлеуетіне арнайы тоқталды. Қазақтың ұлттық кеңістігінде ерекше орны бар бұл өңір Ескелді би, Қабылиса жырау, Сара ақын, Ілияс Жансүгіров, Мұқан Төлебаев, Әбілхан Қастеев, Бикен Римова, Дәнеш Рақышев секілді ұлт мақтаныштарына айналған тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен екенін атап өтті. Бүгінде сол алыптардың өнегелі жолын жалғаған жаңа буын мәдениет қайраткерлері өңір руханиятының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Соңғы жылдары Жетісу облысында мәдениет саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыс құрылғаннан бері мәдениет және архив мекемелерінің штат саны 335 бірлікке ұлғайған. Бұл мәдениет саласындағы кадрлық әлеуеттің нығайып, жаңа жұмыс орындарының ашылғанын көрсетеді. Сонымен қатар осы кезеңде облыстың елді мекендерінде 32 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне ұсынылмақ.
Руханият саласындағы маңызды жобалардың бірі – Сарыөзек ауылында салынып жатқан заманауи кітапхана. Бұл ауылдық елді мекенде бой көтеріп жатқан алғашқы жаңа үлгідегі кітапхана болмақ. Ал Талдықорған қаласында Көркемөнер галереясы базасында ашылатын креативті хаб өңір жастары үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда жасанды интеллект, медиаөндіріс, 3D модельдеу және коворкинг бағыттары дамытылып, шығармашыл жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасалмақ.
Өткен жыл өңір мәдениеті үшін табысты кезең болды. Соның ішінде ең айтулы оқиға – Бикен Римова атындағы драма театрына «Академиялық» мәртебенің берілуі. Бұл – тек театр ұжымының ғана емес, тұтас Жетісу мәдениетінің үлкен жетістігі. Сонымен қатар облыстың 14 көркемөнерпаздар ұжымы «Халықтық» атағына ие болды. Бұл мәртебенің соңғы 11 жыл ішінде алғаш рет берілуі өңірдегі мәдени өмірдің жаңа серпін алғанын аңғартады.
Мерекелік жиында сала үздіктері марапат төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің аспапшы әртісі, белгілі композитор Өмірсерік Арапов «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының «Ардагерлер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Азат Құрсабаев пен Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Мұқышеваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Арнайы номинациялар бойынша Панфилов ауданындағы Дәнеш Рақышев атындағы халық театры «Үздік халық театры» атанса, Қаратал ауданындағы «Қызғалдақтар» вокалдық тобы «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» деп танылды. Көксу аудандық Мәдениет үйі «Үздік Мәдениет үйі», Лепсі тарихи музейі «Үздік музей», Ақсу аудандық кітапханасы «Үздік кітапхана» номинацияларын иеленді. Ал облыстық халық шығармашылығы орталығына «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атағы беріліп, автокөлік кілті табысталды.
Жиында облыс әкімі тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Осы күні Астана қаласында Ақордада Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің аспапшы әртісі Айнаш Қабыкенова «Құрмет» орденімен марапатталса, Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі Базарбек Тоқымтаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгенін жеткізді.
Жалпы кәсіби мереке аясында облыстың мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген 50-ден астам қызметкерге түрлі деңгейдегі марапаттар берілді. Бұл – мәдениет саласы мамандарының еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, руханиятқа көрсетілген құрметтің нақты көрінісі.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Сахна төрінде өңірдің өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық өнердің озық үлгілері мерекенің мазмұнын байытып, мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі айрықша орнын тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Сарби ӘЙТЕНОВА





