Жазым аяқастынан. Жан алқымға келді деп жанталаспай жата беруге тағы болмас. Кезінде үлкендер «Көргеніңнен көрмегенің көп» деуші еді. Біліп айтқандарын есейе келе ұғынатынымыз шындық. Жер бетінде сан алуан тағдыр бар. Сол тағдыр иелеріне жолыққан сайын сау санаңа дұрыс ой қалыптастырғаның, өткен жайдан сабақ алғаның сені кемелдендіре бермек.
Сағат түнгі үш жарым. Дала тастай қараңғы. Дегенмен, моноқаладағы көше шамдары жарық сәулесін төгіп-ақ тұр. Осы маңдағы көпқабатты үйде тұратын Марат подъездің есігін серпе ашып, күндіз жоспарлаған істерін аяқтауға қамданған. Адымын кең алып жаңағы жарығы мол жол жиегіне қарай беттеп келеді. Жолдың қарсы бетіне өткізетін жолаққа жақындап айналасына зер салып еді, ештеңе байқамады. Жаяу жүргіншілерге арналған орыннан өте бергенде қайдан сап ете қалғаны белгісіз қатты екпінмен келген көлік оны қалпақтай ұшырып барып, бірақ тоқтады. Әуелде одан еш үн шықпай, сәлден кейін есі орала бастағандай. Есінен танып қалғанын аңғару қиын емес-тұғын. Көзін сығырайта ашқанда жап-жас орыс жігітінің сұлбасы көлбең етті. Содан қайтып көрінбеді. Қалың ұйқы тұңғиыққа тағы тартып әкетті.
Ол көзін ертеңінде әрең ашты. Үстінен ауыр таспен бастырғандай денесін қозғалта алар емес. Ауруханада жатқанын аңғарды. Тұла бойындағы ыстық тынысын тарылтып, мазасын кетіруде. Науқастың жанына таяған дәрігер, болған жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірумен бәйек.
Жапа шегуші көлік қаққан соң оқиға орнында 1 сағатқа жуық жатып қалған. Қаққан көлік иесі де сұлап жатқан адамға қарайласпай қарасын батырған екен. «Жедел жәрдемді» кімнің шақырғаны да белгісіз.
Мараттың жарақаты жанына тыным таптырмай барады. Қанша уақыт өтседе бір аяғының қозғалысқа келер түрі жоқ. Жергілікті дәрігерлер науқасты «бастысы сүйегіңіз аман» деп жұбатқан. Еті мен жыртылған терісін тігіп ота жасапты. Бір күн өтседе санының төменгі бөлігі қимылға келмеді. Керсінше, дәрінің күші кеткен сайын ауырғаны үдегеннің үстіне үдей түсті.
Атпалдай азаматтың одан әрі қиналып жата беруге төзімі жетпеген. Ұялы телефон арқалы облыс орталығындағы ауруханаларға хабарласып, танысы арқылы білікті дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ол оны Талдықорғанға алдырып, тағы ота жасайды. Әуелде ота жасаған жергілікті ақхалаттылар жігіттің сіңірін зақымдағанын білікті маман ашық айтады. Кесілген сіңірді орнына келтіру мүмкін еместігін жеткізеді. Ақыры тәжірибелі хирург аяқты кеспесе болмайтынын түсіндіріп баққан. Кім Құдай басында сау қылып берген он екі мүшесінің бірін кестіре салуға келіссін?! Қарсылық танытып, аурухана төсегінде тағы бірнеше күн жаны қиналып жатады. Басқа амалы қалмаған соң, хирургтан тізеден төмен кесуін өтінген. Ондағы бар ойы протез киюге қолайлырақ болсын дегені еді. Дәрігер олай мүмкін емесін тәпіштеп баяндап береді. Оның сондағы бар айтқаны: «сен көлік қаққан күні бірден осында келгеніңде аяғыңды аман қалдырар едік қой». Төсек тартып жатқан жанға бұл сөз де жұбаныш.
Зіңгіттей жігітті қаққан көлік ұшты-күйлі табылмады. Жай күндері сол жердегі жол ережесін бұзған тұрғындарға айппұл арқалатып, таспалап тұратын бейнебақылау камерасына әлгі көліктің нөмері де, маркасы да түспепті. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтқандай, «мың қырық камераның біздің құқымызды қорғауға келгенде істемей қалатындары қызық». Моноқаланың прокурорлары осы күні Маратты көрген сайын «сені қаққаннан кейін көше-көшеге 86 камера қойдық» дейтін көрінеді.
Ол оқиғадан бері 2 жыл уақыт өткен. Марат Ұзақов бұл күні көлігімен адам тасымалдап күнелтуде. Жары екеуі 4 баланың болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Қазір үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың санатында. Екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың санатына өту үшін қақпаған есігі, баспаған тауы жоқ. «Сіз протез кие аласыз, сондықтан үшінші топқа жатасыз» деп жеткізген екен жауапты мамандар. Дегенмен, «аяғым тізеден төмен болса мейлі, киер едім. Тізеден жоғары кесілгендіктен протезбен жүру мүмкін емес», – дейді. Қарекет етіп протезді де киіп көрген. Жүруге де, отыруға да ыңғайсыз болғандықтан қайта шешіп тастаған.
Қаладағы біраз мекемеде күзетші болып көреді. «Алайда ешқайсысы…» деп сөзінің аяғын ішіне жұтқаны біраз жайды аңғартты. Марат қазір көпқабатты үйдің 4-қабатында тұрады. Ең бастысы өз баспанысы дегені болмаса, жоғарыға шығып, түсуі машақат.
Өмір арпалыс. Сол арпалыстан ақыл, айлаңмен аман шығуың қажет. Онда да бірінші «ар» ойлау адами борышың.
Медет Жұмабай





