Жаңа оқу жылының қарсаңында еліміз бойынша дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда. Жыл сайын өтетін бұл әлеуметтік бастама аз қамтылған және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетіп, жаңа оқу жылына дайындық мәселесін жеңілдетуді көздейді.
Осы игі бастама «МДШО бар Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектеп» КММ-де де қолдау тауып, бірқатар оқушыға қажетті оқу құралдары мен мектепке керек-жарақтар табысталды.
Мектепке дайындық әр отбасы үшін маңызды кезең. Әсіресе бірнеше баласы бар немесе әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасылар үшін оқу жылына қажетті заттарды түгелдеу оңай емес. Осындай жағдайда көрсетілген көмек ата-анаға қолдау болып қана қоймай, баланың жаңа оқу жылын өз қатарларымен бірге толыққанды бастауына мүмкіндік береді.
Акцияның жүзеге асуына түрлі сала өкілі мен жергілікті қауымдастық мүшесі үлес қосты. Қолдау білдіргендердің қатарында облыстық білім басқармасы, «Ынтымақ құрылыс» жеке кәсіпкерлігі, «Мақпал» жеке кәсіпкерлігі, облыстық психологиялық қолдау орталығы, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, Ынтымақ ауылындағы ардагерлер қауымы және «Тәубе» мешіті бар. Олардың әрқайсысының қолдауы оқушылар үшін маңызды. Себебі қайырымдылықтың құндылығы оның көлемімен емес, нақты адамға дер кезінде тигізген көмегімен өлшенеді.
Мұндай шаралардың қоғам үшін де маңызы айрықша. Біріншіден, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға нақты көмек көрсетілсе, екіншіден, көпшілікті ортақ іске жұмылдырып, азаматтық жауапкершілікті арттырады. Әсіресе балалардың білім алуына жағдай жасау – кез келген қоғам үшін маңызды міндет.
Білім – баланың болашағын айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі. Ал білім жолындағы алғашқы қадамның сенімді болуы үшін оқушыға қажетті жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Мектепке жол» акциясы біркүндік қайырымдылық шарасы ғана емес, жас ұрпақтың болашағына бағытталған қоғамдық бастама.
Балаға көрсетілген қолдау оның бүгінгі қажеттілігін өтеумен шектелмейді. Ол жас ұрпаққа қоғамның назарында екенін сезіндіреді. Ал ертең сол бала өз кезегінде біреуге көмек көрсетіп, игілікті істі жалғастыруы мүмкін. Сондықтан балаға жасалған әрбір жақсылықтың мәні терең. Бүгінгі көмек ертеңгі ізгіліктің бастауы.
«Мектепке жол» акциясына атсалысып, оқушылардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға алғыс білдіреміз. Осындай ортақ іске жұмылған елдің берекесі де, бірлігі де арта бермек.
Ынтымақ ауылындағы
№30 орта мектеп КММ әкімшілігі
Талдықорған қаласы





