Талдықорғандағы «Қамқор» орталығы арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға арналған. Ол мекенде мүлде басқа әлем бар. Бірақ соған қарамастан бәрі өмір сүруге ұмтылады. Тағдырдың ауыр жүгін риясыз күлкімен жеңе білген қайсар жандардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін орталыққа арнайы барып қайттық.
Мекеме директорының орынбасары Раушан Жексембаева мекеме жұмысымен таныстырды. Айтуынша, стационарлық жағдайда 45 орынға арналған психоневрологиялық ауытқулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі және 60 орынға арналған психоневрологиялық ауытқулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға барлық жағдай қарастырылған. Мұнда бүгінде психикалық дамуы терең тежелген негізгі диагнозы бар 80 адам арнайы қызмет алады. Ақыл-ой кемістігі, тірек-қимылы азайған, даун синдромы, микроцефалия, гидроцефалия, аутизм және басқа да диагнозбен жатқан жандарға негізінен қызметтің сегіз түрі ұсынылады.
– Орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Оларға қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ғана балада өзгеріс пайда болады. Сондықтан мамандар бір істі бірнеше күндеп, айлап істейді. Мәселен, бізге келген 6 жасар бала тек еңбектей алатын. Қазір аяқ басуға жетті. Мұндай жетістікке бәріміз балаша қуанамыз. Біз үшін баланың әр басқан қадамы да қуаныш. Соңғы 5 жылда қамқорлықтағы 14 бала отбасына қайтарылды. Олардың ата-аналарымен үнемі байланыстамыз. Қазіргі уақытта олар күндізгі күтім орталығында қызмет алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастамасын әрқашан қолдаймыз. Балаларымызды өз ортасына және қоғамға бейімдеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – дейді Раушан Жексембекова.
Орталықта балалар мен ересектер үшін арнайы серуендейтін, спорттық ойын ойнайтын алаңдар бар. Мұндағы балалар мен ересектерді еңбекке араластыру мақсатында арнайы жылыжай да жасақталған. Балаларға дефектолог, логопед, сенсорлық ем-шара, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, еңбекке баулу, қызмет көрсетуге жабдықталған кабинеттер мен тұзды шахта, мәжіліс залы бар.
Қызығынан қиындығы көп жауапты жұмысты атқарып жүрген орталық қызметкерлері балалардың бойында өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыруды бірінші орынға қойған. Олар балаға қарапайым ғана қасықты алып, қолға ұстаудың өзін айлап, жылдап үйретуге мәжбүр. Ең бастысы – әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Эльмира Нұрманова 15 жылдан бері осы мекемеде қызмет етеді. «Оқу орнын бітіргеннен кейін бірден осы жерден еңбек жолымды бастадым. Алғашында қиын болды. Тәжірибе жинақтаған соң жұмыс та жеңілдеді. Балаларды жақсы көргеннен шығар басқа жұмысқа ауыспадым. Біз үшін баланың жәй ғана түсті танып, оны ажыратқанының өзі жеңіспен пара-пар»,– дейді маман.
Орталық «Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің республикалық дерекқоры» порталында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мәртебесін алған балалар туралы мәліметтерді жедел жаңартып отырады. Мекеме басшылығы ата-аналармен байланысты үзген емес. Алайда балаларынан мүлде бас тартып, телефон қоңырауына әрең жауап беретін тіпті, байланыс орнатпайтын да ата-аналар бар екен. Бірақ білікті мамандар әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, әртүрлі мәселе бойынша кеңес беріп, байланысты біржола үзіп алмау үшін, тығыз жұмыс жүргізеді. Бір қуантарлығы соңғы жылдары қызмет алушылардың саны екі есеге азайған.
Медициналық әлеуметтік мекеме болғандықтан қызмет алушылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Тұрғынның бәрі қалалық №1 емханаға есепке тіркелген. Жылына 1 рет тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Тек жергілікті ауруханалармен ғана шектеліп қоймай, республика деңгейіндегі емханалармен де тығыз байланыс орнатқан. Атап айтар болсақ, Астана қалалық ұлттық кардиохирургиялық орталықпен, Алматы қаласындағы А. Сызғанов атындағы ұлттық-ғылыми хирургиялық орталығымен, Ақсай республикалық клиникалық балалар ауруханасымен келісіп, жолдама арқылы бірнеше балаға ота жасалған.
Орталықтағы массаж және жаттығу залдарын, тұз шахтасын, шеберхана және жылыжайды аралап, жұмысымен таныстық. Ән сабағына қатысып, өнерпаздардың өнерін де тамашаладық. Талай жанды бір шаңырақ астына жиған «Қамқор» орталығы туралы әнді риза көңілмен орындаған Александр, Шығыс биін билеген Нұрбек те көптің қошеметіне бөленді.
Дәл осы орталықтан облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен 18 жастан асқан азаматтарды қабылдауға мүмкіндік берілген. Ересектер мен балалар бөлімдері бір-бірінен бөлінген, сондықтан қауіпсіздік талаптары толығымен сақталған. Ал 1 қаңтардан бастап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау енгізілді. Бұл қызметтерді қамтамасыз ету сапасын арттыруға және осы саладағы бұзушылықтардың болмауына жағдай жасайды. «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында облыс бойынша алғашқылардың бірі болып әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия алған.
Еңлік КЕНЕБАЙ