«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді жүйелі түрде енгізіп келеді. Қазіргі таңда бұл технологиялар күнделікті жұмыс тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Жасанды интеллект қызмет көрсету сапасын арттырады
2025 жылдың мамыр айынан бастап 1414 Бірыңғай байланыс орталығында генеративті жасанды интеллект негізіндегі дауыс көмекшісі іске қосылған. Ол 7 автоматтандырылған және 20 кеңес беру қызметін ұсынады. Іске қосылған кезден бастап 230 мыңнан астам қоңырау өңделіп, азаматтар үшін ақпарат алу процесі әлдеқайда жеңілдеді.
Мобильді цифрландыру – күнделікті өмірде
Қазіргі таңда шамамен 2 миллион азамат «ЦОН» мобильді қосымшасын қолданады. Онда 79 түрлі қызмет түрі қолжетімді. Ең сұранысқа ие функциялар қатарында кезекті онлайн брондау, автокөлік сату-сатып алу келісімшарттарын рәсімдеу, көлік тарихын тексеру және e-Otinish арқылы өтініш беру мүмкіндіктері бар.
Қосымшада QR-код арқылы талон алу жүйесі енгізілген. Бұл азаматтарға ХҚКО мен МХҚКО-ға бару уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін 3 миллионнан астам электронды талон берілген.
«БейнеХҚКО» сервисі – шалғай аймақтарға қолжетімді қызмет
Онлайн бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсету форматы да кеңейіп келеді. Іске қосылғаннан бері шамамен 994 мың бейнеқоңырау қабылданған. Бұл, әсіресе, шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділік береді.
Цифрландыру – тұрақты даму кепілі
Мемлекеттік корпорациядағы цифрландыру бүгінде технологиялық жаңашылдықтан тұрақты қызмет көрсету жүйесіне айналды. Нәтижесінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы түрде, уақыт пен орынға тәуелсіз ала алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ





