Мемлекеттік мекемеден Арт спортқа жалға орын берілмеуі тиіс. Олар өздері үшін жекеменшік спорт залын салсын. Аудан, ауылдардағы Мәдениет үйлерінен, соның ішінде мектептерден жалға орын алып отырғандарды тез арада шығару керек.
Білім ошақтарының қабырғасында Арт спорттың болғаны дұрыс емес, оған үзілді-кесілді тыйым салынсын. Жалға алып отырғандарға осы мәселені айтып, құлақтандыру керек. Арт спортты дамытып отырғандар өз ғимаратын салып, балаларды тартқаны жөн. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Марлен Көлбаев айтты.
Күн тәртібінде қаралған екі мәселенің бірі осы тақырыпта өрбіді. «Кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруда спорттық және шығармашылық секцияларға қатыстыру мәселесі» туралы баяндама жасағандардың сөзіне жүгінсек, облыс бойынша Мәдениет үйлерінде 800-ден аса үйірме бар, оған баратын бала саны 1000-нан асады. Үйірмеге баратындардың 9 мыңнан астамы ауылдық жердегі балалар. 2025 жылы шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыру бойынша облыстық бюджеттен 2 млрд. 373 млн. теңге (оның ішінде қызмет көрсету 3 млн. тг.) бөлінсе, бүгінгі таңда порталда 107 өнім беруші 60 үйірме түрі бойынша тіркеліпті. Биылдан бастап шығармашылық үйірмеге 8 мыңға тарта бала қатысады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұ. Рысқұлдың айтуынша, облыста дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 1000-нан аса спорттық нысан бар, 23 мыңнан астам жасөспірім спортпен шұғылданады. Саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында облыстың барлық елді мекенінде 174 спорт-нұсқаушы жұмыс істейді. Облыс бойынша 53 спорт секциясында сәтсіз отбасында тіркелген 185 бала спортпен шұғылданады.
Жиында көтерілген екінші мәселеде сәтсіз отбасындағы балалардың жағдайлары, оларды әртүрлі үйірмеге қатыстыру, ата-аналарын жұмыспен, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баян етілді. Бұл мәселе бойынша негізгі баяндаманы Көксу ауданы жасады.
Отырысты қорытындылаған комиссия төр- ағасы Марлен Қапашұлы қаралған 2 мәселе бойынша бірқатар тапсырма беріп, оның орындалуын жіті қадағалауға алатынын айтты.
Сарби ӘЙТЕНОВА
Фото: ult.kz