Елімізде халық санының құрылымы, демографиялық ахуал, туу көрсеткіші, орташа өмір сүру ұзақтығы және қоғамдағы жас ерекшеліктерінің өзгеру үдерісі жан-жақты талдануда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері Қазақстан халқының біртіндеп есейіп келе жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары еліміздегі азаматтардың орташа жасы айтарлықтай өскен. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы отандастарымыздың орташа жасы 31,9 жасты құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 32,5 жасқа жетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдер ерлерге қарағанда орташа есеппен үлкенірек. Мәселен, 2025 жылы ер азаматтардың орташа жасы 30,9 жас болса, әйелдердің орташа жасы 34,1 жасты көрсетті. Екі жыныс арасындағы жас айырмашылығы үш жылдан асып отыр. 2026 жылдың басында республика аумағында шамамен 10 млн ер адам және 10,5 млн-ға жуық әйел өмір сүрген. Орташа есеппен алғанда әрбір 100 әйелге 96 ер азаматтан келеді. Алайда мұндай көрсеткіш қыз балалардың көп дүниеге келуімен байланысты емес. Керісінше, 9 жасқа дейінгі балалар арасында әр 100 қызға шамамен 106 ұл баладан келеді. Сондай-ақ 20-29 жас аралығындағы жастар санатында да ерлердің саны әйелдерден сәл басымырақ.
Жас ерекшеліктеріне тереңірек үңілсек, 42 жастан бастап елімізде әйелдердің саны ерлерге қарағанда көбейе түседі. Егде жастағы топтарда осы алшақтық жылдам ұлғаяды. Мысалы, 65 жастан асқан қазақстандықтардың арасында шамамен 740 мың ер адам және 1,24 млн-ға жуық әйел бар. Яғни аға буын өкілдерінің ішінде әйелдер шамамен жарты миллионға көп. Сонымен қатар 80 жастан асқан 86 мыңға жуық ер азамат пен 212 мың әйел тіркелген. Ал ғасыр жасаған 100 жастан асқан қариялардың қатарында 284 ер адам және 1 039 әйел бар. Сарапшылар егде топтарда нәзік жандылардың басым болуын ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығындағы елеулі айырмашылықпен түсіндіреді. 2025 жылы әйелдердің болжамды өмір сүру ұзақтығы 79,8 жасты, ал ерлердікі 72,19 жасты құрап, екі арадағы алшақтық 7,61 жасқа жетті. Осылайша, ұл балалар көбірек туғанымен, ер азаматтардың өмір сүру ұзақтығы төмендеу болғандықтан, егде шақта демографиялық тепе-теңдік өзгереді.
Тек гендерлік арасалмақ қана емес, жалпы қоғамның жас құрылымы да жаңа сипат алуда. 2009 жылы 65 жастан асқан азаматтар Қазақстан халқының 7,1 пайызын құраған еді. 2020 жылы олардың үлесі 7,7 пайызға жетсе, 2026 жылдың басына қарай 9,6 пайызды құрады. Халықаралық тәжірибеде 65 жастан асқан тұрғындар үлесінің 7 пайыздық межеден асуы демографиялық қартаюдың белгісі ретінде қарастырылады. Қазақстан аталған межеден 2009 жылға дейін өтіп қойған. Сонымен бірге 2025 жылы халықтың қартаю индексі 32,9-ды көрсетті. Яғни 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға 65 жастан асқан 33-ке жуық азаматтан келеді. Бір жыл бұрын аталған индекс 31,1 деңгейінде болған еді. Оған қоса, 2026 жылдың басында елімізде 60 жастан асқан 2,9 млн-нан аса адам тұратыны анықталды, олардың ішінде 465,3 мың зейнеткер еңбек жолын белсенді жалғастырып жүр.
Жас пирамидасының төменгі сатысында, яғни бүлдіршіндер арасында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. 2026 жылдың басындағы есеп бойынша еліміздегі ең көп санды бір жастық топ – төрт жастағы балалар (441 150 бала). Ал бір жасқа толмаған сәбилердің саны 330 819-ды құрады. Демек, нәрестелер саны төрт жастағы балаларға қарағанда шамамен 110 мыңға, яғни төрттен бір бөлікке аз. 2022 жылдан кейін басталған туу көрсеткішінің бәсеңдеуі әзірге мектепке дейінгі жастағы балалар тобында көрініс табуда. Алдағы уақытта осы үрдіс сақталса, оның әсерін алдымен балабақшалар мен мектептер, кейінірек колледждер, жоғары оқу орындары және еңбек нарығы сезінеді.
Мемлекет тарапынан демографиялық ахуалды жақсарту, отбасы институтын нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту, салауатты өмір салтын насихаттау және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру арқылы орташа өмір сүру ұзақтығын арттыруға басымдық беріледі.





