«Қос қуанышың қабат, жан жағың абат болсын» деген сөздің мәні Ескелді ауданында ашылғандай болды. Себебі, баба атымен аттас ауданда Жаңа жыл қарсаңында ондаған жыл бойы пәтер кезегінде тұрғандар баспаналы болды. Алғашқылардың қатарында болып өз баспанасының кілтін Сәметовтер отбасы иемденді. Отағасы Ермұхан тұл жетімдер қатарында. 8 жылдан бері үй кезегіне тұрған.
– Әкімдік республикалық бюджет есебінен үй сатып алып, әрбір баспана кезегінде тұрғандарға ұсынды. Мұндай үйді өздері таңдады. Құны 14 млн. теңге шамасында. Енді Сәметовтер отбасы Жаңа жылды кең әрі өз үйлерінде тойлайды, – деді аудан әкімі Елдос Ахметов.
Мұнан кейін аудан әкімі 4 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Махаббат Қаймолдановаға, мүмкіндігі шектеулі баласы бар Бота Құрақбаеваға да баспана кілтін табыс етті.
Мұнан соң аудан әкімі Елдос Ахметов Көкжазық елді мекенінде спорт кешенін ашты. Нысанның құрылысын «Qaz Damu Construction» серіктестігі жүргізген. Құны 130 млн. теңге болатын ғимаратта волейбол және жекпе-жек түрлеріне арналған үлкен зал бар. Ғимараттың екінші қабатында жаттығу бөлмесі орналасқан.
Осы күні Бөктерлі ауылында фельдшерлік амбулаториялық пункт ашылды. Қуанышты бөліскен аудан әкімі Елдос Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардың тізгінін тарқатты. Сөз арасында ауданда биыл 11 нысанның құрылысын сапалы жүргізген «Qaz Damu Construction» ЖШС басшысы Әсет Жұмагелдіұлына ризашылығын білдірді.
М. МАҚСЫМ
Ескелді ауданы





