Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жұмыс істеп жүрген мұғалімдер үшін пәндік біліктілікті бағалау (ПББ) тесті тоқтатылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл шешім уақытша емес, біржола қабылданған. Енді мектепте еңбек етіп жүрген ұстаздар өз пәні бойынша тест тапсырып, артық психологиялық қысымға ұшырамайды. Бұл қадам педагог мәртебесін арттыруға және оларды қажетсіз жүктемелерден босатуға бағытталған.
Пәндік біліктілік тесті барлық санат үшін бірдей жойылған жоқ. Ол тек екі жағдайда ғана қолданылады:
-
Университет түлектері: Педагогикалық мамандықты жаңа бітіріп, жұмысқа алғаш рет орналасатын жас мамандар өз білімін растау үшін тест тапсырады.
-
Жас мамандардың алғашқы қадамы: Мұғалімдік қызметте екі жыл еңбек өтілі бар мамандар «педагог-модератор» санатын алу кезінде ПББ-дан өтеді.
Ал «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» санаттарындағы тәжірибелі ұстаздар бұл тесттен толық босатылды.
Тағы бір маңызды жаңалық – құжат өткізу жүйесінің цифрлануы. Енді мұғалімдер қағаз жүзіндегі папкаларды жинап, түрлі мекемелерден мөр бастыру үшін уақыт шығындамайды. Барлық процесс арнайы «Ұстаз платформасы» арқылы электронды форматта жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бұрын міндетті саналған авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы да алынып тасталды.
Министрлік биыл сәуір айында қайта тест тапсыру үшін ақы төлеп қойған ұстаздардың қаражаты толық қайтарылатынын жеткізді. Олардың қазіргі біліктілік санаттары 2027 жылдың қаңтарына дейін күшінде сақталады.
Бұл реформаның негізгі мақсаты – аттестацияны жазалау құралынан кәсіби даму құралына айналдыру. Министрдің пікірінше, 40 минут бойы сыныпта балалармен жұмыс істеу – үлкен еңбек, сондықтан мемлекет ұстаздардың эмоционалдық күйін сақтауға басымдық беріп отыр.





