ҚР Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен іс-шараға 100 адам қатысты. Қонақтар зауытты аралап, оның қызметімен танысты.
Кездесуді ашқан кәсіпорын директорының орынбасары Есет Қанаев жиынның Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді талқылауға арналғанын айтып, ұжымды пікір алмасуға шақырды.
Наурыз Сайлаубай өндіріс орындарының жұмыс орындарын құрудағы, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етудегі және бюджет түсімдерін арттырудағы рөліне тоқталды. Ол «Қайнар-АКБ» өнімдерінің шетел нарығына шығуы отандық өндірістің әлеуетін көрсететінін атап өтті.
– «Қайнар-АКБ» – өңіріміздің мақтанышы. Өзіміздің туған жерімізде шығарылған өнімнің шетелде пайдаланылып жүргені қуантады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, азаматтардың табысы мен салық түсімдерінің көбеюіне мүмкіндік береді. Сондықтан осындай кәсіпорындардың дамуы ел экономикасы үшін маңызды, – деді депутат.
Жолдаудағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттеріне тоқталып, тұрғындар көтеріп жүрген жол, су, газ және электрмен жабдықтау мәселелерін шешудің маңызын айтты. Облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру, Талдықорғандағы тұрғын үй құрылысы мен қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де сөз болды.
ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова кәсіпорын ұжымымен бұған дейін де кездескенін айтып, жерлестерімен қайта жүздескеніне қуанышты екенін білдірді. Ол зауыт жұмысшыларына еңбегі үшін алғыс айтты.
– Кәсіпорынды аралау барысында өндірістегі жұмыстың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін көрдім. Мұнда еңбек ететін 1200 адамның 45 пайызы әйелдер екен. Осындай ауыр жұмысты атқарып жүрген әйел азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға еңбектеріңіз үшін рақмет, – деді Руфина Усанова.
Кездесуде кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Ұжым өкілі жұмысшылардың табысы кейбір тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, оларға баспана алудың қандай мүмкіндіктері барын сұрады.
Наурыз Сайлаубай кәсіпорынға «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлердің табысы мен еңбек өтілін ескеретін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол мысал ретінде Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен бірлесіп, жұмысшыларына баспана алуға қолдау көрсеткен тәжірибесін келтірді.
Кездесу соңында қатысушылардан түскен сұрақтарға жауап берілді.
Қажет АНДАС





