Қазақ халқының музыка мәдениетінің тарихында әншінің орындаушылық өнеріне орай айтылып, таралып кеткен халықтың нақышты, бейнелі теңеулерінің, қанатты сөздерінің алатын орны ерекше. Әнші үнінің күш-қуаты мен қасиетін бейнелейтін «күміс көмей, жез таңдай әнші» деген де әдемі теңеу бар. Мұндай баға атақты Біржан, Ақан, Мәди, Әсеттердің жалғасындай болған Жетісудың әйгілі әншісі Дәнеш Рақышевқа да берілген еді.
Бала кезінде-ақ өнердің бағы қонып, қыдыры дарыған Дәнеш тоғыз жасында тоғыз пернелі домбырасын қолына алып, елді аузына қаратып ән салады. Атақты әнші Әсет Найманбайұлының төл шәкірті Қадыриханның батасын алған Дәнештің қазақтың ән әлеміндегі алатын орны ерекше. Ол дара Әсеттің ұмыт болуға айналған мол мұрасын қайта жаңғыртып, туған елімен қауыштырды. Оның дауысы Жетісудан Атырауға, Атыраудан Арқаға қалықтаған қазақтың әншілік өнерінің өресін биіктетті. Дәнеш салған Әсеттің «Інжу-маржан», «Мақпал», «Майда қоңыр», «Қисмет», «Қаракөз», «Ардақ», «Қоңыр қаз» атты әндері тыңдаушысының жан дүниесін нұрландырып, кісілікке, адамгершілікке тәрбиеледі. Сәулелі өмірге баулыды, зор эстетикалық қуанышқа бөлеп, рухын көтерді. Оның әншілік өнері ән шығарушылық өнерімен де астасып жатты. Шығармашылық өмірінде ұлттық өнерді меңгертуге бүкіл болмысын арнаған, бар ғұмырын өнер үшін сарп еткен Дәнеш Рақышевтың артында қалдырған музыкалық-педагогикалық мұрасын заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Шертісің де, әнің де қандай келісті?! Сен үлкен композиторсың! Әнің – нағыз қазақ әні», – деп бағалаған. Әнші Дәнеш жайлы белгілі өнертанушы Ілия Жақанов: «Гаухардай сәуле шашқан бір қыры – композиторлығы. Оның жүзден астам әні бар. Соның бәрі бір көкіректің сыры, құштарлығы, құмарлығы, ынтығуы, құлай беріліп, көзсіз сүюі, арбалуы, алдануы, мұң шегіп зарығуы, оқыс елпең қағып, бір сұлулыққа сұқтануы, керілген айдынға алтын айды қондырып, жағасында жас аруды мөлдіретуі, жайлауға, өзен-көл, тауларға қызығуы, сол іңкәр жүрек нені сезді, нені көрді, нені қалады, неден тіксінді, не үшін шалқыды, неге сарсылды, бәрін әртүрлі хал, әрқилы дітімен білдірді», – деп жазған еді.
«Жетісу, сенде тудым, сенде өстім» – деп, ең алдымен өскен жер, туған топырағын әнге қосқан өресі биік Дәнеш Рақышев өнердің дара тұлғасы, мөлдір бұлағы бола білді. Осы тақырыпқа жазылған «Шалқы, Сайрам», «Жетісу», «Мақтанышты елім бар», «Көрікті менің Көкталым», «Жетісу жерім-ай», «Туған ел» әндері туған елге деген шексіз сүйіспеншілігін танытады, ұлттық болмысын айқын көрсетеді. Алма ағашының саясы әншіге туған жердің, атамекеннің саясы болып көрінгені соншалық, «Саясында алманың» әні Дәнештің туған жерге деген шынайы махаббатын айшықтай түседі. Осындай ғажайып әндерді насихаттаушы әрі шебер орындаушы да өзі болды.
Қазақтың дәстүрлі музыкасына деген сүйіспеншілігі әншіні халық әндерінің білгіріне, сақтаушысына және жинаушысына айналдырды. Осы сүйіспеншілігі оның өмірінің соңына дейін қасиетті тұмары болды. Әнші өз естелігінде Мұхтар Әуезовпен кездесуіндегі ұлы жазушының: «Енді «Аңшының әнін» айтшы, бұл қазақтың ұлттық сән-салтанатын, серілік саятын аңғартатын ән. Мен бұрын естімеген, бұл жақта таралмаған әуен ғой. Сен өзі бұл әнді қайдан үйрендің?», – деп таңданғаны жөнінде еске алады. Дәнеш орындаған түрлі жанрдағы әндер халықтың әсемдік әлемін байыта отырып, жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбие берудің тиімді мұрасының біріне айналды. Осы орайда Дәнеш Рақышевтың ұстаздық, тәлімгерлік жұмысын да айрықша атап өткен жөн. Әнші-сазгер өмірінің соңғы жылдарында Талдықорған қаласындағы бүгінде Дәнеш Рақышев есімімен аталатын қазақ-мектеп интернатында, қазіргі Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде қызмет істеп, Талдықорған филармониясының құрамындағы жастар ансамбліне жетекшілік жасап, жастарды әншілік өнерге баулыды. Қадырихан, Мәмет, Қайыпбек сынды ұстаздарынан бастау алған өзіндік әншілік мектебін орнатты. Оның тәлімгерлігін көріп, қанаттанған таланттар көптеп саналады. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, ҚР Мәдениет қайраткері Абылай Қармысов, әнші-ұстаз Серікбол Шыныбаевтар – бүгінгі таңдағы Дәнештің әншілік мектебін лайықты жалғастырып келеді.
Ән өнерінде өзіндік өрнегін қалдырып, Қазақстан Республикасының Халық әртісі атанған, көзінің тірісінде-ақ ең дарынды әншіге айтылар «жез таңдай, күміс көмей», «қазақ халқының жүрегінен шыққан жалынды симфониясы» (Нұрғиса Тілендиевтің теңеуі), «бұлбұл» сияқты теңеулердің бәрін естісе де сабасынан аспай, ағаға іні, ініге мейірбанды аға, елінің кішіпейіл азаматы бола білген Дәнеш Рақышевтың жан тебірентер мұрасынан бүгінгі және келер ұрпақ шабыт пен шаттықтың нәрін алатыны ақиқат.
Гүлнәр Демеуова,
Талдықорған қаласы





