Экологиялық іс-шараларға 12 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, туристік нысандардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, волонтерлер мен жастар бар. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік нәтижесінде 4 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Іс-шараны облыстық туризм басқармасы ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Талдықорғанда сенбілік «Жастар» саябағы мен «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығының айналасында өтті. Қатысушылар жерге түскен жапырақтарды жинап, қураған бұтақтарды қырқып, жасыл желектерді ретке келтіріп, қысқы кезеңге дайындады. Көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мұнда қылқан жапырақты ағаштардың 60 түп жас көшеті отырғызылды.
– Өз елімнің Туы желбіреген тұғырдың айналасына жас шыршалар отырғызуға қатысқаным маған ерекше шабыт сыйлады. Ағаш – тіршіліктің, болашаққа деген үміттің символы. Табиғатқа жанашырлықпен қарау мен тазалық сақтау мәдениетін жас ұрпақтың бойына бала кезінен сіңіру қажет деп санаймын, – дейді «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығының ғылыми қызметкері Таир Тойғұлов.
Көгалдандыру және жасыл аймақтарды тазарту жұмыстары Қаратал және Панфилов аудандарында да жүргізілді. Мұнда Кемел Тоқаев атындағы сквер мен Бөлек батыр саябағы ретке келтірілді.
Ақсу, Алакөл, Көксу және Ескелді аудандарында су көздерінің айналасы тазартылды. Атап айтқанда, Көксу, Қаратал өзендерінің жағалаулары, Жалаңашкөл көлі мен Тамшыбұлақ бұлағының маңы қамтылды.
Текелі қаласындағы «Серкесай» мен Сарқан қаласындағы «Қойтас» экопарктерінің аумағына жас көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері ұлттық парк аумағын қоқыстан тазартты.
– Жетісу облысының туристік әлеуеті зор. Өңіріміз қайталанбас табиғи көрікті жерлерімен, көлдерімен, ұлттық парктерімен және таулы ландшафтарымен ерекшеленеді. Табиғи аумақтардың тазалығы мен абаттандырылуы туристердің алған әсеріне, өңірге қайта келуге деген ықыласына тікелей әсер етеді. Сондықтан экологиялық бастамалар Жетісудың табиғи байлығын сақтап қана қоймай, туризмді дамытуға, облыстың демалыс үшін жайлы әрі тартымды мекен ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға да ықпал етеді, – деді Жетісу облысының туризм басқармасының басшысы Ерсін Ыбрашев.





