Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды сана қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Деректерді жеделөңдеу, күрделі үдерістерді автоматтандыру, қауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді етуге мүмкіндік беретін заманауи шешімдер басқару жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр.
Мемлекет басшысы да өз Жолдауында мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, цифрлық қызметтерді дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, қауіпсіздікті арттыру және білікті кадрлар даярлау мәселелерін мемлекеттің басым саясаты екенін атап өтті. Шыны керек, қазіргі таңда облыста цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, жасанды сана технологияларын енгізу және олардың нақты нәтижесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік басқаруды цифрландырудың негізгі құралдарының бірі – «Жетісу облысы әкімдігінің Ахуалдық орталығы» ақпараттық жүйесі. Қазіргі таңда онда 55 аналитикалық кейс іске асырылып, жүйені 442 адам пайдаланады. Платформа деректерді жедел талдауға және оларды басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Өңірлік SmartGeoHub геоақпараттық жүйесін дамытуға да басымдық берілуде. Оның негізгі бағыттарының бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу. 2026 жылы 203 нысанды бақылау жоспарланған. Сонымен қатар цифрлық шешімдер жер қойнауын пайдалану және инвестициялық қызмет салаларын бақылауда қолданылуда.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында i-Jetisu сервисі дамып келеді. Бүгінде порталда 31 қызмет қолжетімді. Жүйе мемлекеттік ақпараттық платформалармен, eGov Mobile және 1414 сервисімен интеграцияланған. Білім беру саласындағы e-Zhetysu жүйесінде үш қызмет автоматтандырылып, 2026 жылдың басынан бері 25 166 өтінім өңделді. Ал мектепке дейінгі ұйымдарға баруды есепке алуға арналған E-Zhetysu QR жүйесіне 234 нысан қосылған.
Қауіпсіздік саласында облыста 68 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Оларды жаңғырту барысында камералардың ажыратымдылығы арттырылып, жылдамдықты тіркейтін радиолокациялық датчиктер орнатылуда. Қазіргі уақытта 20 кешен жаңғыртылды. Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 1470 камера қосылған.
Халықты төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін маусым айында Mass Alert жүйесі енгізілді. Тестілеу кезінде хабарламалардың 94 пайызы жеткізілген.
Жасанды интеллектіні қолдану да кеңейіп келеді. Қоғамдық қауіпсіздікте TARGET-AI жүйесі пайдаланылса, денсаулық сақтау саласында үш инсульт орталығына Cerebra ассистенті енгізілген.
Кадр даярлау бағытында Jetisu Digital жобасы аясында бағдарламалау, жасанды интеллект және кәсіпкерлік бойынша оқыту жүргізіледі. 2026 жылы 74 іс-шара өткізіліп, 50 жұмыс орнына арналған Tomorrow School ашылды.
Осылайша, облыста цифрлық трансформацияның негізгі инфрақұрылымы қалыптасып келеді. Ендігі міндет – технологияларды көбейтумен қатар, олардыңнақты нәтижесін арттыру.
Альфия Хамзинова,
облысық цифрлық технологиялар басқармасы
Ақпараттық технологияларды енгізу
және дамыту бөлімінің басшысы





