2025 жылғы суару маусымының басынан шілде айының соңына дейін еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі егістік алқаптарына 8,15 миллиард текше метрден астам су жеткізілді.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биылғы вегетация кезеңінде жалпы 10,1 млрд текше метр су алу жоспарланған. Осылайша, тамыз-қыркүйек айларында суару кезеңі аяқталғанға дейін тағы шамамен 2 млрд текше метр су беріледі.
Судың аймақтар бойынша бөлінуі төмендегідей:
-
Қызылорда облысына – 3,03 млрд текше метр (37,2%);
-
Түркістан облысына – 3,01 млрд текше метр (шамамен 37%);
-
Жамбыл облысына – 761,7 млн текше метр (9,3%);
-
Жетісу облысына – 719,6 млн текше метр (8,8%);
-
Алматы облысына – 631,4 млн текше метр (7,7%).
«Оңтүстік өңірлердегі суару маусымының өту барысы министрліктің бақылауында. Судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, каналдар мен су нысандарына тұрақты мониторинг жүргізетін төрт жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар су кезекпен беріліп, шаруалар арасында түнгі суару мен егіс айналымына көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетейік, биыл оңтүстік өңірлерде вегетация кезеңі 20 күнге ерте басталды. Бұған жоғары температура мен жауын-шашынның аздығы себеп болған. Соған қарамастан, суармалы судың ерте берілуінің арқасында диқандар сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін, мамырдың соңында қауын-қарбызды, маусымда баклажан мен өзге де бақша дақылдарын жинап үлгерді.
«Жетісу-Ақпарат»





