Ауылдың тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты назарында. Әсіресе, жаз мезгілінде өрт қаупі күшейетін шалғай жерлерде жедел әрекет ететін қызметтің болуы аса маңызды. Осыған орай Ақсу ауданының Көшкентал ауылында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
Салтанатты шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көшкентал ауылдық округі мен оған қарасты Көлтабан елді мекенінде бүгінгі таңда 1350-ден астам адам тұрады. Бұған дейін төтенше жағдай орын алғанда арнайы қызметтердің жетуіне белгілі бір уақыт қажет болатын. Енді жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуының нәтижесінде өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артып отыр.
Бұл – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі. Себебі, кез келген төтенше жағдай кезінде әрбір минут, секундтың маңызы зор.
Жаңа нысанның ашылуына куә болған Көшкентал ауылының тұрғыны Салтанат Жүнісова бұл бастаманың аса маңызды екенін айтады.
– Біздің ауылдың тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай бола қалса, алыстан көмек келгенше не болады деп алаңдайтынбыз. Енді өз ауылымызда өрт сөндіру бекетінің болғаны көңілге сенім ұялатады. Балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін де мұндай нысандардың маңызы зор, – дейді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының басты мақсаты – шалғай ауылдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және халыққа дер кезінде көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Көшкенталдағы жаңа өрт сөндіру бекеті осы игі бастаманың нақты нәтижесі. Ол тек өртпен күресіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында да маңызды рөл атқарады.
Гүлжан ТҰРСЫН
Ақсу ауданы





