Жаңа Конституцияның күшіне енуі – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Жаңа құжат мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу қағидаттарын белгілеп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықтың, әділдіктің және қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастырады. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы әрі құқықтық мәдениетінің басты көрсеткіші.
Заң үстемдігінсіз қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Қандай да бір елдің күш-қуаты оның табиғи байлығымен немесе экономикалық әлеуетімен ғана емес, ең алдымен азаматтарының заңға деген құрметімен, құқықтық санасының деңгейімен және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетімен өлшенеді. Әрбір азамат өзінің құқықтарын жақсы біліп қана қоймай, міндеттерін де адал орындағанда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім нығаяды. Ал сенім бар жерде тұрақтылық, бірлік және даму болады.
Жаңа Конституцияда адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Бұл – еліміздің даму бағыты ең алдымен азаматтың игілігіне қызмет етуге тиіс дегенді білдіреді. Мемлекет әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, сапалы білім алуына, еңбек етуіне, денсаулығын қорғауына және өз қабілетін толық жүзеге асыруына жағдай жасауға міндетті. Мұндай қағидаттар әділетті қоғам құрудың берік негізі.
Конституциядағы заң мен сот алдында бәрінің теңдігі туралы қағидаттың маңызы ерекше. Заң ешкімді лауазымына, әлеуметтік жағдайына, ұлтына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарай бөлмеуі тиіс. Барлық азамат заң алдында тең болғанда ғана қоғамда әділеттілік салтанат құрады. Бұл қағидат халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғамдық келісімнің сақталуына ықпал етеді.
Ата Заң тарихи және мәдени мұраны сақтауға да ерекше мән береді. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды кепілі. Өз тарихын, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеген халық қана өзінің болашағын нық қалыптастыра алады. Осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу аға буынның басты міндеті. Өйткені ұлттың рухани байлығы мен тарихи жады – ел тәуелсіздігінің берік тірегі.
Бүгінде құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Конституция әрбір азаматқа кең көлемде құқықтар мен кепілдіктер береді. Алайда құқықпен бірге міндеттің де қатар жүретінін ұмытпауымыз қажет. Сонымен қатар жастардың құқықтық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі еліміздің болашағы – білімді, отаншыл әрі заңды құрметтейтін жас ұрпақтың қолында. Жастар Ата Заңды тек заңгерлерге арналған құжат ретінде емес, өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі ретінде қабылдауы тиіс. Олар өз құқықтарын қорғай білумен қатар қоғам алдындағы жауапкершілігін де терең сезінуі керек. Заңды құрметтеу, адал еңбек ету, елге қызмет ету және қоғамдық өмірге белсенді араласу – нағыз азаматқа тән қасиет.
Қазіргі таңда жастар жаңа технологияларды еркін меңгеріп келеді. Цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – уақыт талабы. Алайда технологиялық даму құқықтық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Әлеуметтік желілерде, ақпараттық кеңістікте немесе күнделікті өмірде болсын әрбір жас заң талаптарын сақтап, өзгенің ар-намысына, құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауы қажет. Құқықтық мәдениет дәл осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады.
Ескелді аудандық ардагерлер кеңесі жастарды патриоттық және құқықтық тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Білім беру ұйымдарында кездесулер өткізіп, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, Мемлекеттік рәміздердің маңызы, Конституцияның қоғамдағы орны, заң үстемдігі және азаматтық жауапкершілік туралы пікір алмасамыз. Мұндай кездесулер жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, құқықтық санасының қалыптасуына ықпал етеді.
Болашақтың жарқын болуы тек сапалы біліммен ғана емес, заңға құрметпен, елге адал қызмет етумен және жоғары азаматтық жауапкершілікпен тығыз байланысты. Қандай мамандық иесі болса да әрбір жас Конституция қағидаттарын басшылыққа алып, қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет. Жаңа Конституцияның қағидаттарын өмірде басшылыққа алып, заңға құрмет көрсету – әрбір азаматтың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қанат Түсіпов,
Ескелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы





