Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай жастар көкейінде жүрген сауалдарға жауап тауып, қызықтырған мамандықтарына жеткізер оқу орнындағы кәсіби білімді бір бағдарлап қайту, ұлағат иелерінен керекті кеңес алу үшін Талдықорған индустриалды колледжіне арнайы барды. Облыс орталығындағы бірнеше мектептің жоғары сынып оқушылары аталған білім ошағына экскурсия жасап қайтты.
Талдықорған индустриалды колледжі кәсіп өкілдерін даярлайтын өңірдегі ең көне оқу орны. Аталған экскурсияға Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің менторы Бақтияр Жақсыгелдинов ұйытқы болғанын айта кеткен жөн.
Шаһар оқушыларына кәсіби мамандық пен жұмыстың маңыздылығы айтылды. Студенттер алдында директор Әсет Жұмаділов сөз сөйлеп, аталмыш колледжде білім алудың тиімді тұстары туралы айтып берді.
Бүгінде колледж қабырғасында 525 адам білім алуда. Мұнда олар болашақ газ саласының мамандарын, токарьларды, автослесарьларды және басқа да сала өкілдерін дайындайды. Жаңа цехтар салынып, оқу ордасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Алдағы уақытта сұранысқа ие фрезерші мамандығын ашу жоспарлануда.
– Биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны туралы хабарды естіп, қуандық. Расында бүгінде білікті инженерлік-техникалық қызметкерлерге сұраныс артып келеді. Колледждер жанынан шағын кәсіпорындар ашуға қатысты даулы мәселелердің барлығы шешімін тапқаны қуантады. Бұл біздің студенттерге аз да болса қосымша ақша табуға мүмкіндік береді. Студенттеріміздің көпшілігі дуальді білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. Осылайша, бізде QazaqGaz, Жетісугаз және облыстың өзге де ірі кәсіпорындарымен 250-ден астам келісім мен ынтымақтастық туралы меморандум бар. Колледждің материалдық базасы нығаюда. Біздің студенттер мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқиды, – деді Әсет Қазиұлы.
Шара барысында оқушыларға шеберханалар көрсетілді. Оған қоса олар бір кабинетте (барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып) өз қолдарымен жұмыс бөлшектерін дәнекерлеу және құю жұмыстарын жүргізді.
Өз кезегінде М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің 9-сынып оқушысы Айша Абсаметова тәжірибелік жұмыс жүргізіп, оқу орнын аралағанына, өзіне керекті мамандық туралы толыққанды мәлімет алғанына риза екенін жеткізсе, аталған мектептің оқушысы Әділ Мұрат:
– Иә, біз бүгін көптеген жаңа дүниемен таныстық. Болашақта жұмысшы мамандығын алатын студенттерге тегін оқу мен қоғамдық көліктен басқа көптеген жеңілдіктер бар екен. Бұл туралы экскурсияға қатыса алмаған сыныптастарымызға міндетті түрде айтамыз, – деп атап өтті. Ал, шараға ұйытқы болған ментор Б. Жақсыгелдинов:
– Былтырдан бері облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен мектептердегі тәлімгерлік (менторлық) жоба сәтті жұмыс істеп келеді. Біз тоғыз негізгі бағыт бойынша жұмыс істейміз десек, соның бірі студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру. Бүгінгі шара балалардың болашақ мамандығын таңдауына өзіндік ықпалын тигізетіні анық, – деп атап өтті.
АРДА БИ
Фото: https://www.instagram.com/p/DEoa3-tJuIH/





