Тарих бетіне көз жүгіртсек, өткен ғасырдың ауыр кезеңдерінде көптеген ұлт пен ұлыс Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударды. Сол сындарлы шақта қазақ халқы қаншама жұртты жатсынбай бауырына басты.
Қиындықты бірге еңсерген халықтар арасындағы сыйластық пен сенім бүгінгі бейбіт өмірдің берік негізіне айналды. Сондықтан Алғыс айту күні – ел бірлігін ұлықтайтын, ортақ тарихымызды құрметтейтін мереке. Бұл күннің ресми түрде бекітілуі – тәуелсіз Қазақстандағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың айқын көрінісі. Бүгінде татулық пен тұрақтылық – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі.
Жетісудың көрікті өңірінде орналасқан Көксу ауданы да бірлік пен берекенің ордасы. Ауданымызда түрлі этнос өкілдері өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып келеді. Мұнда ұлтаралық татулықты сақтау мен нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет ошақтарында, білім беру ұйымдарында, кітапханаларда тағылымды кездесулер, ашық сабақтар, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, өскелең ұрпаққа достық пен құрметтің маңызы түсіндірілуде.
Алғыс айту күні аясында аудан көлемінде ардагерлерге, көпбалалы аналарға, әлеуметтік осал топтарға құрмет көрсетіліп, қайырымдылық акциялары өткізіледі. Бұл – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың нақты көрінісі. Аудан тұрғындары ортақ іске жұмылып, игі бастамаларды қолдап келеді. Алғыс айту – үлкен адамгершілік мәдениеттің белгісі. Қарапайым «рахмет» сөзінің өзінде жүрек жылуы, құрмет пен ізет жатыр. Отбасында ата-анаға, ұстазға, дәрігерге, әріптеске айтылған алғыс – өзара сыйластықтың бастауы. Осындай ізгі құндылықтар қоғамды біріктіріп, елдің еңсесін көтереді.
Бірлік бар жерде – тірлік бар. Алғыс айту күні – әрқайсымызға өткенді ұмытпай, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін түсініп, айналамызға жақсылық жасауға үндейтін ерекше мереке.
Аружан ЖАҚЫП,
Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





