Нью-Делиде өтіп жатқан БРИКС саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен екіжақты кездесу өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халықаралық саяси аренадағы бұл басқосу екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты жаңа белеске көтеруге бағытталған. Қазақстан Президенті Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы қарқынды дамуын және әлемдік экономикадағы жоғары орнын ерекше атап өтті.
Бүгінде елімізде үнді капиталының қатысуымен 600-дей компания сәтті жұмыс істеп жатыр. Серіктестік тек бизнеспен шектелмейді, мәдени және туристік байланыстар да нығайып келеді. Өткен жылы Қазақстанға 150 мыңға жуық Үндістан азаматы саяхаттап келсе, мыңдаған үндіс студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.
Бұл көрсеткіштер екі мемлекет арасындағы сенімнің, достық қарым-қатынастың және экономикалық тартымдылықтың айқын дәлелі.
Кездесуде тараптар энергетика, білім беру, туризм және АТ-технология саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Сондай-ақ екі елдің жоғары технологиялық орталықтары – «Astana Hub» пен Хайдарабад экожүйесі арасында тығыз серіктестік орнатудың маңызы зор.
Үндістан тарапы Қазақстан жастарын Мумбайда өтетін «WAVES» Креативті индустрия саммитіне шақырып, жастар арасындағы тәжірибе алмасуға ниет білдірді.
Екіжақты келіссөздерде Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру мәселесі сөз болды. Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етуші мемлекет ретінде бұл үдерісті белсенді қолдауға және тараптар арасындағы сауда кедергілерін жоюға дайын екенін жеткізді. Бұл еліміздің отандық өнім өндірушілері үшін жаңа экспорттық нарықтар ашуға үлкен мүмкіндік береді.





