Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқауды жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Проза жанрына арналған бұл ауқымды байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін, урбанизация үрдісін және заманауи қоғам келбетін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтауға және оларды қолдауға бағытталған. Қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың өзара сабақтастығы тақырыптарын терең ашып көрсету ұсынылады.
Әдеби додаға Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қатысуға мүмкіндік алды. Байқау шарты бойынша көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ (бір авторлық баспа табақ 40 мың баспа таңбасына тең) болатын, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, қала өміріне арналған төл романдар ғана қабылданады. Ережеге сәйкес, әр автор байқауға тек бір ғана үздік шығармасын ұсына алады. Жеңімпаздарды елімізге белгілі жазушылар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы ашық дауыс беру арқылы анықтайды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындылардың авторлары арнайы дипломдармен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған романдар 15 мың данамен басылып, еліміздің барлық өңірлеріндегі кітапханаларға тегін таратылады. Республикалық байқаудың ережесіне сәйкес, жеңімпаздар үшін мынадай ірі қаржылай сыйақылар белгіленген:
- Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;
- I орын – 75 мың АҚШ доллары;
- II орын – 50 мың АҚШ доллары;
- III орын – 30 мың АҚШ доллары.
Байқауға қатысатын шығармалар 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. Үміткерлер өз жұмыстарын Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, 14-кіреберіс мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми түрде өткізуі қажет. Байқауға қатысу шарттары мен құжаттар тізімі туралы қосымша ақпаратты +7 (7172) 74 04 07 және +7 (7172) 74 04 08 телефон нөмірлері арқылы байланысып білуге болады.





