Жиырма үш жылдық педагогикалық тәжірибесі бар Айнұр Сағатайқызы бұл мамандықты таңдаған сәттен-ақ өзін өзгелердің өмірін жарық етер шырақшы ретінде сезініп, әр күнін, әр сағатын бала жүрегіне білім мен мейірім дәнін себумен өткізіп келеді.
Шығыс Қазақстанның Тарбағатайында дүниеге келген ол бала кезінен-ақ кітап пен білімге құштар болды. 2002 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тамамдап, Ескелді ауданының Қарабұлақ орта мектебінде еңбек жолын бастады. Содан бері осы мектепте еңбек етіп, қазақ тілі мен әдебиетін жас ұрпақтың бойына сіңіріп келеді.
– Балаға дайын білімді бере салу – жеңіл. Ал оның ішкі қабілетін оятып, өз жолын табуға жетелеу – ұстаздықтың биігі, – дейді ол. Осы ойдың өзінен-ақ оның болмысын, ұстанымын, дүниетанымын аңғаруға болады.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген сөзін өмірлік ұранына айналдырған Айнұр Қалиолданова әр сабағын ерекше өткізеді. Айтуынша, әдебиет сабағы – тек мәтінді талдау емес, рухани тазару мен ойдың биігіне көтерілу алаңы. Оқушылары Абай мен Мұқағали, Шәкәрім мен Мағжан әлемін танығанда олардың бойындағы ұлттық рух пен адамдық қасиетті көруге тырысады. Сабақ үстінде баламен тіл табысып, әрқайсысының ішкі әлеміне үңілу – оның күнделікті дағдысына айналған.
Ол – педагог-шебер, кәсібилік деңгейін үздіксіз дамытып жүретін ұстаз. Облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ассоциациясының жетекшісі, облыстық емтихан материалдарын сараптайтын комиссия мүшесі және «Алтын белгі» жұмыстарының тексеру тобына енген сарапшы. Сондай-ақ, тәжірибелі педагог 2016 жылдан бері «НЗМ» Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты және басқа да республикалық орталықтарда білімін жетілдіріп келеді. «Саралап оқыту», «Тиімді жоспарлау арқылы оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру», «Функционалды сауаттылықты дамыту» секілді бағдарламалар бойынша тренерлік курстарды сәтті тамамдап, әріптестері ортасында өз тәжірибесін бөлісіп келеді.
Шәкірттерінің әр жеңісін өз жетістігіндей қабылдайтын ұстаздың мерейін өсірген сәттер аз емес. Оның оқушылары аудандық, облыстық, республикалық білім бәйгелерінде үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Мәселен, Гүлназ Меркібай облыстық «Саған осыны оқу керек» буктрейлер байқауында І орын иеленсе, Әмина Нұрланғали республикалық пән олимпиадасында ІІ орын алған. Ал Айзат Нұржан мен Әдина Түймебай аудандық олимпиадаларда топ жарып, Аяулым Әскерқызы мен Медина Мұса көркемсөз оқуда, шығармашылық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған. Бұл нәтижелер – ұстаздың еңбегіне деген адалдық пен шәкіртке деген сенімнің жемісі.
Айнұр Сағатайқызының еңбегі жылдар бойы лайықты бағаланып келеді. 2017 жылы Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасын, 2020 жылы Педагогикалық шеберлік орталығының және «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының Алғыс хаттарын, сондай-ақ, аудан әкімінің мадақтамасын алған. Ал 2022 жылы Жетісу облысы әкімінің «Үздік педагог» атағына ие болды.
Сонымен қатар, «Абайтану» оқулығы мен «Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулықтың» бірлескен авторы ретінде республика мұғалімдерінің әдістемелік қорына үлес қосты.
Ал биылғы Ұстаздар мерекесінде «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оның осы күнге дейінгі тынымсыз еңбегінің заңды жалғасы, ұстаздық жүрекке тағылған ең қымбат марапат десек, асыра айтқандық емес.
Қарапайымдылық пен мейірім – Айнұр Сағатайқызының басты сипаттары. Ол өмірдің сын-сынағынан өткен, екі баласын өзі тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Жан дүниесі таза, еңбекқор әрі сабырлы ұстаз – әріптестері арасында беделді, шәкірттерінің алдында өнегелі тұлға.
Бос уақытында кітап оқып, музыка тыңдап, ән айтқанды ұнатады. «Бала жүрегіне жол табу – ұстаздықтың ең биік шыңы» деп санайтын ол әр сабағында баланың ойлау қабілетін дамытып, әдебиетті өмірмен байланыстыра үйретеді.
Қарабұлақтың қарапайым мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Айнұр Калиолданова ізденіс пен парасаттың, жаңашылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы – ұстаздықтың қасиеті мен қадірін айғақтайтын айна. Осындай ұстаздар барда ауыл мектебінің де, ұлт болашағының да келешегі нұрлы болмақ.
Сарби ӘЙТЕНОВА





