Үштөбе гарнизонындағы 55078 әскери бөлімінде әскери міндеттілердің кезекті оқу-жаттығу жиыны басталды. Аталған жиынға Қаратал және Кербұлақ аудандарынан шақырылған 100-ге жуық әскери міндетті азамат қатысуда.
Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты – әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығын арттыру, әскери білімдерін жетілдіру және төтенше жағдайлар кезінде Қарулы Күштердің резервтік құрамын сапалы дайындау. Сонымен қатар қатысушылардың әскери машықтарын жаңғыртып, заманауи әскери техника мен қару-жарақты тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру көзделген.
Жиын барысында әскери міндеттілер жауынгерлік дайындық, саптық және тактикалық сабақтардан өтеді. Сондай-ақ теориялық және практикалық дәрістерге қатысып, артиллериялық қару-жарақтар мен құрылғылардың жұмыс істеу тәртібімен танысады. Арнайы мамандардың жетекшілігімен әскери техникаларды пайдалану және қызмет көрсету бойынша тәжірибелік машықтарын жетілдіреді.
Оқу-жаттығу жиыны бір айға созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар әскери өмірдің күнделікті тәртібіне бейімделіп, әскери бөлімнің оқу бағдарламасына сәйкес дайындықтан өтеді.
Айта кету керек, 55078 әскери бөлімі мұндай ауқымды оқу-жаттығу жиынын алғаш рет өткізіп отыр. Әскери бөлім басшылығы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасап, қатысушыларды орналастыру, тамақтандыру және оқу-материалдық базамен қамтамасыз ету жұмыстарын толықтай әзірлеген.
Мұндай оқу-жаттығу жиындары әскери міндеттілердің кәсіби даярлығын нығайтып қана қоймай, олардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға, әскери тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сондықтан аталған жиын елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі





