Қазақтың тағдыр жолы – тар жол, тайғақ кешу. Соның ішіндегі ең зұлматты кезеңдердің бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін. Осы қасіретті кезеңді ұмыттырмау, архивтік деректерді зерделеу, кейінгі ұрпақтың тарихи жадын жаңғырту мақсатында 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында облыстық Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Тарих сынағындағы халық тағдыры» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырды. Тағылымды жиын Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейінде өтті.
Келелі басқосу аясында Алматы облысы музейлер бірлестігіне қарасты Саяси қуғын-сүргін музейінің жылжымалы көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде нәубет жылдарының құжаттары, естеліктер, архивтік материалдар қойылып, тарихи кезеңнің ащы ақиқаты айқын көрініс тапты.
Дөңгелек үстелге алаштанушы, тарихшы-ғалым Нұрдәулет Манкеев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразгүл Мұхатова, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Өнербек Қуанған, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, ұстаздар мен жастар қатысты.
Алғашқы баяндаманы жасаған Нұрдәулет Белекұлы патшалық Ресей дәуірінен бастап кеңестік кезеңге дейінгі отарлау саясатына кеңінен тоқталды. Ол 1928 жылғы байларды тәркілеу, күштеп жер аудару, ұлт зиялыларына тағылған «буржуазиялық ұлтшыл» деген жалған айыптардың астарын әңгімеледі.
– Патшалық Ресей мен кеңестік биліктің түпкі мақсаты – жердің үсті мен астындағы байлықты иемдену арқылы үстемдік орнату еді. Ұжымдастыру, тәркілеу, Түрксіб теміржолын салу секілді шаралардың барлығы стратегиялық мүддеден туындады, – деді тарихшы.
Жиында тарих ғылымдарының докторы Оразгүл Хасенқызы өзі құрастырған «1931-1933 жылдардағы ашаршылық: Жетісу облысы бойынша нәубет куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері» атты көптомдық жинақ негізінде мазмұнды баяндама жасады. Ғалым архивтік құжаттарға сүйене отырып, Жетісудағы ауыр ахуалды жан-жақты сипаттады. Оның айтуынша, 1932 жылы Қаратал өңірінің азаматтары Иосиф Сталинге жолдаған жеделхатта ел ішіндегі алапат жағдай былай суреттелген:
«Ауданның барлық аймақтарын аштық жайлады. Балқаш көлінің жағасындағы үш ауыл тоз-тоз болып тарап кетті. Алты әкімшілік аумақтағы 4417 шаруашылықтың 2260-ы ғана қалған. Оның өзінде тұрғындардың 63 пайызы аштыққа ұшырады. 1931 жылдың желтоқсанында нәубет жаппай белең алды. 600 адамның қаза тапқаны тіркелді. Ашыққан жұрт арам өлген жылқының етін, ішек-қарнын жеуге мәжбүр болды…»
Бұл деректер сол кезеңдегі халықтың қандай күй кешкенін аңғартады. Баяндамада Жетісуда адам саны күрт азайып, тіпті адам етін жеу секілді сұмдық жағдайлардың тіркелгені айтылды. Аштықтан қысқан жұрт балаларын аман алып қалу үшін интернаттарға өткізуге мәжбүр болған.
Оразгүл Хасенқызы сондай ауыр оқиғалардың бірін мысалға келтірді.
– Ашаршылық кезінде Сағабүйен ауылында тұратын бір ана үш баласын асырай алмағандықтан Қапалдағы балалар интернатына өткізеді. Кейін ел есін жиып, тұрмыс түзелген уақытта сол балалардың тағдырына қатысты ешқандай дерек табылмаған, – деді ғалым.
Ал І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы Өнербек Қуанған ҚР Президенті архивінің материалдарына сүйене отырып, кеңестік жүйенің қолдан жасаған аштығына қарсы үн көтерген ұлт зиялыларының әрекеттері жөнінде баяндады. Ол ел тағдыры сынға түскен шақта алаш қайраткерлерінің халықты аман алып қалуға ұмтылған қадамын тілге тиек етті.
Жиын соңында Жетісу өңіріндегі ашаршылық тақырыбын зерттеуге үлес қосып жүрген Қаратал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Рахымғали Өтегенов көпшілікке ақ батасын беріп, ұлт бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар тағылымды басқосудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіріп, қатысушыларға алғыс айтты.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





