Қаратал ауданында 10 мың бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малға арналған ірі бордақылау кешенінің құрылысы басталады.
Осыған байланысты аудан басшылығы мен инвесторлар «Ангус» тұқымды мал өсіру жөніндегі ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру тетіктерін қарастырды. Кездесу барысында аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандары, «КаТК» ЖШС өкілдері 10 мың басқа есептелген бордақылау алаңын салу жайлы ойларымен бөлісті.
Атап айтқанда, кеңеске қатысушылар құрылысқа жер телімін бөлу, нысанды ветеринарлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Бұл инвестициялық жоба өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді деп күтілуде. Капиталдың келуімен қатар бұл бастаманы жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп, жергілікті экономиканың өсуіне оң әсерін тигізбек.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Қаратал ауданы





