Қазақстан көмір өндіру көлемін арттырып, салаға 553 млрд теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын сақтап келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 115 млн тонна көмір өндірілді. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары көрсеткіш. Өндірілген көмірдің 85 млн тоннасы ішкі нарыққа, атап айтқанда жылу электр станцияларының, коммуналдық-тұрмыстық сектордың және халықтың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Ал экспорт көлемі 30 млн тоннаға жетті.
Қазақстан көмірінің негізгі экспорттық бағыттары қатарында Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзия бар. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары Азия нарығындағы сұраныстың артуы қазақстандық көмір экспортының географиясын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Энергетика министрлігі 2026 жылы көмір өндіру көлемін 128,9 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта елімізде көмір өндірумен айналысатын 40 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Саладағы ірі кәсіпорындардың қатарында «Богатырь Көмір», «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Еуразиялық энергетикалық корпорация» секілді компаниялар бар.
Инвестициялық белсенділік те артып келеді. 2025 жылы келісімшарттық міндеттемелер аясында көмір саласына 305 млрд теңге инвестиция тартылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 553 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қаражаттың негізгі бөлігі өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, жаңа техника сатып алуға, қауіпсіздік жүйелерін күшейтуге және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Сонымен қатар геологиялық барлау жұмыстарына басымдық берілуде. Энергетика министрлігі биылғы жылдың соңына дейін 10 жер қойнауы учаскесі бойынша көмір кен орындарын игеру құқығын беру жөнінде аукцион өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жаңа инвесторларды тартуға және көмір базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.





