2027 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанда қонақүй қызметін көрсетудің ұлттық стандарты ресми түрде қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Туризм және ілеспе қызметтер. Қонақүйлер. Қызметтерге қойылатын талаптар» ҚР СТ ISO 22483-2026 құжаты халықаралық ISO 22483:2020 стандарты негізінде әзірленді. Оны ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті. ҚазСтандарт мамандары дайындаған бұл құжат санатына қарамастан еліміздегі барлық қонақүйлерге ортақ және нөмірді брондаудан бастап қонақүйден шыққанға дейінгі барлық қызмет көрсету кезеңін қамтиды.
Жаңа стандартқа сәйкес, тұтынушы нөмірді брондамас бұрын оның нақты құнын, алдын ала төлем жасау қажеттілігі мен броньнан бас тарту шарттарын толық білуге құқылы. Ал қонақүй әкімшілігі брондау өтінімін 24 сағаттан асырмай қарауы тиіс.
Қонақүйге орналасу және одан шығу кестесін әр мекеме өзі белгілегенімен, стандарт мынадай уақыт аралығын ұсынады:
-
Орналасу уақыты: сағат 14:00-ден кешіктірмей бастау;
-
Шығу уақыты: сағат 12:00-ден ерте белгілемеу.
Егер қонақ белгіленген уақытта келіп, бірақ нөмірі әлі дайын болмаса, қызметкерлер оның жүгін уақытша сақтауға қабылдауды ұсынуы қажет. Сонымен қатар күту барысында қонақүй өз қалауы бойынша шай ұсыну сияқты қосымша ілтипат көрсете алады.
Құжатта таңғы ас кезінде туындайтын түрлі жағдайлар да ескерілген. Мәселен, баласының жаңғаққа аллергиясы бар ата-аналар тағам құрамын сұраса, қызметкерлер толық ақпарат беруге міндетті. Бұдан бөлек, отбасының өтініші бойынша асүйдегі бар азық-түліктерден құрамында жаңғақ жоқ кемінде бір тағам ұсынылуы тиіс.
Күнделікті қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар:
-
Қонақтар тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілуі керек;
-
Нөмірлер күн сайын тазалануы тиіс (егер есікке «Мазаламаңыз» тақтайшасы ілінсе, тазалау кейінге шегеріледі, ал қонақ бөлмеде болса, тазалау тек оның рұқсатымен жүргізіледі);
-
Қызмет сапасына қатысты шағымдар ауызша да, жазбаша да қабылданып, тіркелуі және қабылданған шаралар туралы кері байланыс берілуі шарт.
Жаңа стандарт демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Атап айтқанда, еден жуылған соң сырғанау қаупі туралы ескерту белгісі қойылуы тиіс. Бассейн маңында оның тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені және құтқарушының кезекшілігі туралы ақпарат ілініп, құтқару құралдары көрінетін әрі қолжетімді жерде тұруы міндеттеледі.
Бассейнде жазатайым оқиға орын алса, қызметкерлер бекітілген жоспар бойынша шұғыл әрекет етіп, оқиғаны тіркейді. Осыған орай қонақүй қызметкерлерін оқыту бағдарламасына алғашқы медициналық көмек көрсету мен реанимацияның негізгі тәсілдері енгізіледі. Сондай-ақ қонақүйдің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру көзделген.
Қонақүй басшылары үшін бұл стандарт қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын жүйелі бағалауға, міндеттерді нақты бөлуге, тамақтану гигиенасы мен жабдықтардың техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қонақүйлер қызмет көрсету сапасындағы олқылықтарды дер кезінде анықтап, сервис деңгейін халықаралық талаптарға сай жетілдіре алады.






