Қазақстанда электр қуатымен жүретін көліктер саны жылдан-жылға артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 32 479 электр көлігі тіркелген. Бұл республикадағы барлық көлік құралдарының 0,5 пайызын құрайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жалпы алғанда, Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5 миллион 995 мыңға жеткен. Оның басым бөлігін, яғни 84,2 пайызын жеңіл автомобильдер құрайды. Сондай-ақ жүк көліктерінің үлесі – 8 пайыз, тіркемелер – 4,3 пайыз, автобустар – 1,5 пайыз, мотоциклдер – 1,2 пайыз және өзге көлік құралдары – 0,8 пайыз.
Статистикаға сүйенсек, көлік иелерінің көпшілігі әлі де дәстүрлі отын түрлерін пайдаланады. Елдегі көліктердің 80 пайызы бензинмен, 7,6 пайызы дизель отынымен жүреді. Ал аралас отын жүйесін қолданатын көліктердің үлесі 6,5 пайызды құрайды. Газбен жүретін көліктердің саны салыстырмалы түрде аз болып, жалпы автопарктің 0,4 пайызына тең.
Соған қарамастан, электр көліктеріне деген қызығушылық артып келеді. Сарапшылар мұны экологиялық таза көлікке сұраныстың өсуімен, жанармай шығынын азайтуға деген ұмтылыспен және электр көліктерін сатып алу мүмкіндіктерінің кеңеюімен байланыстырады.
Электр көліктері ең көп тіркелген өңірлердің көшін Алматы қаласы бастап тұр. Мұнда 17 506 электр көлігі есепке алынған. Бұл республикадағы электр көліктерінің жартысынан астамы осы мегаполисте шоғырланғанын көрсетеді.
Келесі орындарда:
- Астана қаласы – 3 235 көлік;
- Алматы облысы – 2 857 көлік;
- Шымкент қаласы – 1 042 көлік.
Ал көлік нарығындағы жалпы динамикаға келсек, 2026 жылдың мамыр айында 147,7 мың автокөлік құралы есепке қойылған. Оның ішінде 129 мың жеңіл автомобиль, 8,7 мың жүк көлігі, 1,3 мың автобус, 1,6 мың мотоцикл, 3,6 мың тіркеме және 3,3 мың өзге көлік құралдары бар.





