Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында күзгі жиын-терин кезеңіндегі өнім құны мен жанар-жағармай мәселесіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Көршілес Ресей Федерациясындағы бензин тапшылығы мен жанармай нарығындағы ауытқулар отандық өнім бағасына тікелей әсер етпейді. Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі диқандар мен фермерлер нарықтағы құннан 10-12% арзан жеңілдетілген дизель отынымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Осылайша, егін жинау науқаны кезінде жанар-жағармай бағасының өсуі өнімнің өзіндік құнына қысым жасамайды.
Дегенмен, маман сыртқы факторларға байланысты тәуекел туындауы мүмкін жалғыз өнім ретінде қантты атады. Қазіргі таңда Қазақстан Ресейден шамамен 200-250 мың тонна қант импорттайды. Алайда, реттеуші органдар ықтимал тапшылықтың немесе қымбатшылықтың алдын алу үшін арнайы балама жоспар әзірлеп қойған.
«Жанар-жағармай нарығындағы бағаның құбылуы шаруаларға әсер етпейді. Өйткені оларға бөлінетін дизель отынының бағасы белгіленген. Тәуекел туындауы мүмкін жалғыз өнім – қант. Себебі Ресейден шамамен 200-250 мың тонна қант импорттаймыз. Алайда мұндай жағдайға арналған балама жоспарымыз бар», – деді Азат Сұлтанов.
Аталған балама жоспар отандық өндірісті іске қосуға негізделген. Еліміздегі 4 қант зауытының барлығы құрақ шикізатын өңдеуге толықтай қауқарлы. Егер ресейлік нарықта баға құбылатын болса, шикізат Латын Америкасы елдерінен жеткізіледі. Бұл қадам ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
«Қант құрағы бізге Латын Америкасы елдерінен жеткізіледі. Қант нарығында баға құбылған жағдайда, шикізатты импорттап, отандық зауыттарда өңдей аламыз. Кейін дайын өнімді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынамыз», – деп қорытындылады вице-министр.





