Қаржы мониторингі агенттігі тіс емханаларындағы тағы бір ірі алаяқтықтың бетін ашты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында «Damumed» жүйесіне жалған деректер енгізіп, ірі көлемде қаржы жымқырған бірнеше желісі бар жекеменшік стоматологиялық клиниканы анықтаған.
Дереккөз мәліметінше, жеке стоматологиялық клиникалардың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ-пен жалпы сомасы 450 миллион теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы келісімшарттар жасаған.
«Шарт талаптарына сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген. Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге ұсынылмаған», – деп хабарлайды ҚМА.
Заңсыз әрекеттерін заңдастыру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған. Соның салдарынан 4597 адамға жалған қызмет көрсетілген.
Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі 66 миллион теңгені құрайды.
«Сот күдіктінің банк шоттарындағы 23 миллион теңгесіне, сондай-ақ құны 29 миллион теңге болатын стоматологиялық жабдықтарға арест қойды. Тергеу барысында күдікті 11 миллион теңге көлемінде залалды өтеді. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп хабарлайды ҚМА.





