Қазақстандық оқушылар Испания астанасы Барселонада өткен халықаралық STEM олимпиадасында тамаша нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Зияткерлік сайыста математика, ғылым, технология және инженерия бағыттары бойынша бақ сынаған шәкірттеріміз бірнеше алтын, күміс және қола медаль иеленді.
Халықаралық білім бәйгесінде жарқырап көзге түскендердің қатарында елордалық Иса Қожасбай да бар. Ол 6–8-сынып оқушылары арасында математика пәнінен күміс, ал жаратылыстану ғылымы бойынша қола жүлдеге қол жеткізді.
Сайысқа әлемнің 130 елінен 1700-ден астам оқушы және 38 мыңнан аса студент қатысқан. Қазақстан намысын Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан барған дарынды жастар қорғап, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді:
-
Иса Қожасбай — математикадан күміс, ғылымнан қола;
-
Георгий Ким — математикадан алтын, ғылымнан қола;
-
Әлішер Ниетқалиев — математикадан күміс, ғылымнан қола;
-
Медина Қайыпова — математикадан қола;
-
Мейірбек Исаев — ғылымнан қола;
-
Нұрасыл Рысқұлбеков — кодтау бойынша алтын, ғылымнан үздік 30-дық;
-
Арман Әубәкір — математикадан алтын, кодтау бойынша күміс;
-
Жәнібек Нұрхамитұлы, Арман Әубәкір, Бижан Ашыяхатов — кодтау бойынша күміс;
-
Әлихан Танат, Нұрасыл Рысқұлбеков — кодтау бойынша қола;
-
Айша Темірхан — ғылымнан күміс;
-
Жәнібек Нұрхамитұлы, Нұрмұхамбет Лағылай — математикадан күміс;
-
Әлихан Таңат, Мадина Ержанқызы, Нұрасыл Рысқұлбеков — математикадан қола.
Байрақты білім додасында ерекше көзге түскен оқушылардың жетістігі ел Президентінің назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарды арнайы құттықтап, оларға жеделхат жолдады.
«Бұл – Қазақстан білім беру жүйесінің қарқынды дамуының айқын дәлелі. Мемлекет өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береді. Сіздермен мақтанамыз! Алдағы уақытта толағай табыстар тілеймін!» – делінген Президенттің құттықтауында.
Еске сала кетейік, былтыр да отандастарымыз Нидерландыда өткен халықаралық білім сайысында жоғары нәтиже көрсеткен болатын.





