Париждегі Триумф аркасы алдындағы сәт 76 жастағы қазақстандық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашевтың ұзақ жолдағы табандылығы мен қайсарлығының айқын көрінісіне айналды. Франция астанасына жеткен жиһанкезді отандастары мен дипломаттар қарсы алып, оның ұлттық мәдениетті әлемге таныту жолындағы еңбегіне жоғары баға берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Саяхатшы Парижге 24 сәуірде жетіп, жаяу сапарының кезекті кезеңін сәтті аяқтады. Ол 3 наурызда жолға шығып, екі айға жуық уақыт ішінде шамамен 3 мың шақырымды еңсерген. Бағыты Сербия, Мажарстан, Австрия және Германия арқылы өтіп, Еуропаның ірі шаһарларының бірі – Парижде түйінделді. Жол бойында түрлі қиындықтар мен шектеулерге қарамастан, ол межелеген мақсатына табандылықпен жетті.
Сәрсенбай Қотырашев бұған дейін де бірнеше ауқымды сапарларымен танылған. Ол Қазақстан аумағын толық жаяу жүріп өтіп, кейін Кавказ асып Түркияға жеткен. Сонымен қатар Алтай арқылы Моңғолияны басып өтіп, Қытайға дейін барған тәжірибелі саяхатшы. Әлеуметтік желілерде UlytauMan лақап атымен белгілі жиһанкездің әр сапары көпшіліктің қызығушылығын тудырып, оқырмандарын жігерлендіріп келеді.
Еуропа бағыты саяхатшы үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Қатаң жол қозғалысы талаптарына байланысты ол автобандармен тікелей жүре алмай, көбіне велосипед жолдары мен соқпақсыз аймақтарды айналып өтуге мәжбүр болған. Кей сәттерде жүгін артқан арбасы ауырлыққа шыдамай, қозғалысты қиындатқанымен, ол алған бетінен қайтпай, сапарын жалғастыра берді.
Парижде қазақстандық жиһанкез ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде де құрметке ие болды. Халықаралық ұйым өкілдері оны қазақ мәдениетінің насихаттаушысы ретінде қабылдап, оның бастамасын мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде бағалады.
– Мен әлемге қазақ халқының қайсар, рухы биік халық екенін көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз металды игерген, ғылыммен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Мен осыны өз жолыммен дәлелдеуді мақсат еттім, – дейді Сәрсенбай Қотырашев.
Бүгінде Сәрсенбай Қотырашевтың жалпы жүріп өткен жолы шамамен 18 мың шақырымға жеткен. 75 жастан асқан саяхатшы ретінде оның басты мақсаты – 40 мың шақырымнан астам қашықтықты жаяу еңсеріп, Гиннестің рекордтар кітабына ену.
Жиһанкез елге оралған соң ұсталық өнерін жалғастырып, алдағы сапарларына дайындалуды жоспарлап отыр. Оның келесі мақсаты – 2027 жылы АҚШ аумағын Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жаяу кесіп өту.
Сәрсенбай Қотырашев өз сапарлары арқылы қазақстандықтарды белсенді өмір салтын ұстануға, өзін дамытуға және үлкен мақсаттардан қорықпауға үндеп келеді.





