Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ), оның ішінде Дубай қаласына міндетті емес сапарларды уақытша кейінге қалдыруға кеңес берді. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Брифингте журналистер әуе рейстері қайта жанданғаннан кейін қазақстандықтардың Дубайға сапарлауына қатысты сұрақ қойған.
Ерлан Жетібаевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі жағдай толық тұрақталған жоқ. Осыған байланысты азаматтарға сақтық танытып, қажетсіз сапарлардан бас тарту ұсынылады.
– Өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін, екі тарапқа да қолайлы шешімдерге тезірек қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Сонымен қатар жағдай толық тұрақтанғанға дейін сақ әрі мұқият болу орынды деп санаймыз. Осыған байланысты азаматтарға мүмкіндігінше осы өңір елдеріне міндетті емес сапарлардан бас тартуды ұсынамыз, – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Министрлік бұл ұсыныстың сақтық мақсатында жасалғанын атап өтті. Яғни, Қазақстан азаматтарының БАӘ-ге баруына ресми түрде тыйым салынбаған. Алайда өңірдегі қауіпсіздік жағдайы толық қалыпқа келгенге дейін туристік және басқа да шұғыл емес сапарларды кейінге қалдырған жөн.
Сыртқы істер министрлігі шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға сапарларын алдын ала мұқият жоспарлауға, баратын елдегі қазіргі ахуалмен танысуға және ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын тұрақты бақылап отыруға кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты бірқатар халықаралық әуе рейстерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілген болатын. Кейін әуе қатынасы кезең-кезеңімен қайта қалпына келтіріле бастады. Соған қарамастан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өңірдегі жағдай толық тұрақталғанға дейін қазақстандықтарды сақтық шараларын ұстануға шақырып отыр.





