Қазақ – тарихы терең, мәдениеті бай, дәстүрі мол халық. Ұлттық ойындары соның бір бөлшегі іспеттес. Ол тек қана көңіл көтеру немесе уақыт өткізу үшін емес, сонымен бірге жас ұрпақты тәрбиелеудің, денесін шынықтырудың, ой-өрісін дамытудың, бірлікке баулудың маңызды құралы болған.
Жалпы ұлттық ойындардың тарихы көшпелі өмір салтпен тікелей байланысты. Ат үстінде күн кешкен қазақ үшін ат спорты, садақ ату, күш сынасу – өмірінің бір бөлігі еді. Әр ойынның артында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен ұлттық мінезі жатқаны ақиқат.
Облыс орталығының төрінде өткен шараның бұл жолғы жөні бөлек. Басты мақсаты – ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттап, жастарды спортқа баулу және ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, жарыс шеңберінде қатысушылар мен көрермендерге қазақтың ұлттық ойындарының маңыздылығы түсіндіріліп, ұлттық мәдениетті сақтау мен дәріптеудің қажеттігі айтылды.
– Қазақтың ұлттық ойындары – бұл тек ойын ғана емес, ата-бабамыздың өмірлік тәжірибесі мен даналығының айнасы. Оларды сақтау – өткенге құрмет, болашаққа аманат. Әрбір қазақ баласы ұлттық ойынның мәнін түсініп, оны ойнау арқылы өз халқының тарихын сезіне алады. Барша қала тұрғындарын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға шақырамын. Хакімнің шығармаларын, өмір жолын, көздеген құндылықтарын ұғыну әрбір жанға парыз, – деді жарыс барысында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» ҚММ басшысы Еркебұлан Ақболатов.
Сайысқа қатысушылар асық ату, арқан тарту, бес асық сынды ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті. Мергендігі мен ептілігі, ақылы мен айласы қатар шапқандардың бағы жанып көпшілік алдында марапатталды. Бастысы, ұлттық дәстүрге жақын болудың маңызын сезінді.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды қазақтың ұлттық ойындарын меңгеруге, оларды кеңінен насихаттауға және келешек ұрпаққа жеткізуге шақырды. Бұл – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айрықша айтты.
Медет ЖҰМАБАЙ





