Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық деңгейдегі жиын өткізді. Оған Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақорданың мәліметінше, кеңес барысында этносаралық қатынастар саласындағы өзекті түйткілдер жан-жақты қарастырылып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен ел ішіндегі татулықты бекемдеудің негізгі бағыттары пысықталды.
Жиын кезінде Ерлан Қарин жаңартылған Конституцияда айқындалған қағидаттар мен нормаларды тиімді іске асырудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдағы келісімді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың жұмысы бірізді әрі өзара үйлесімді болуы тиіс.
Сондай-ақ басқосуда осы саладағы жұмысты жандандыру, ықтимал тәуекелдердің алдын алу тетіктерін жетілдіру және тұрақтылықты сақтау бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған кешенді шараларды жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асыру міндеті қойылды.





