Текелі қаласындағы «Алтын Чажа» жазғы сауықтыру лагерінде «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тақырыбында жастар кездесуі өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиын қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Қазақстандық патриотизмді дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Кездесу барысында қатысушылар ел бірлігі мен келісімнің маңызын, әртүрлі пікірлерге құрметпен қарау мәдениетін, өзара сыйластық пен тұрақтылықты сақтаудағы әр азаматтың үлесін сөз етті. Сондай-ақ жастар ұлттық мұраны сақтау, туған жерге сүйіспеншілік және қоғам алдындағы міндеттер төңірегінде ой бөлісті.
Еркін форматта өткен басқосуда жастар пікірлерін ашық білдіріп, сұрақтар қойды. Пікір алмасу кезінде ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекет дамуының негізгі тетіктері екені айтылды. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, қоғамдық белсенділігін өсіруге, этносаралық келісімді сақтауға және ұлттық құндылықтарды кеңінен таратуға оң әсер етеді.





