Саялы Сарқан ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бірқатар нысанды аралады. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдады.
Бейбіт Өксікбайұлы алдымен ат басын табиғи ландшафты сақтай отырып салынған «Қойтас» саябағына бұрып, 2022 жылы пайдалануға берілген парктің абаттандыру, көркейту бойынша атқарылған жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысында 3 эко-саябақ құру жұмыстары басталды. Соның бірі – Сарқан қаласындағы «Қойтас» саябағы. Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев оны кеңейту, абаттандыру жобаларымен таныстырды. Аудан басшысының айтуынша, жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын парктің инфрақұрылымы былтыр айтарлықтай кеңейтілген. Атап айтсақ, эко-саябақ аумағында 850 метр жаяу жүргіншілер жолы, орындықтар, жарық шамдары, балалар ойын алаңы, субұрқақ және қоқыс жәшіктері орнатылды. Түрлі мәдени-бұқаралық, мерекелік іс-шара өткізуге арналған, 400 адам сиятын амфитеатр, 11 мүсін мен кіші архитектуралық кескіндер, заманауи дәретхана салынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары да қойылған. Бұған дейін эко-парк аумағына «Денсаулық» жағажайы, яғни жалпы ұзындығы 1 шақырымға жуық серуен жолы жасалып, 3 теннистік корд, 2 шахмат столы, футбол, скейтборд, воркаут алаңдары салынған еді. Атқарылған жұмыстарды көрген облыс әкімі:
– Бұл табиғи ландшафты сақталған экологиялық саябақ және табиғаттың сыйы өзінің бастапқы күйінде қалуы қажет. Сондықтан әр шаршы метрді тиімді пайдаланып, тек табиғи материалдарды ағаш, тас, топырақты қолдану керек. Сізге эко-паркті дамытудың стратегиялық жоспарын дайындауды және бізге қарауға ұсынуды тапсырамын. Жұмыстың жалпы аяқталуы 2027 жылға жоспарлануы керек. Тұтастай алғанда, бұл саябақ тұрғындардың бірегей демалыс орнына айналады. Болашақта жергілікті тұрғындар ғана емес, елдің басқа аймақтарынан да меймандар ағылып келеді, – деді аймақ басшысы.
Қала әкімі Амантай Орынбековтың айтуынша, саябақ аумағын ұлғайту, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Бұрын саябақ аумағы бос жатқан жер болды. Біз 6 гектар жерді мемлекет меншігіне алып, кезең-кезеңімен аумағын кеңейтіп, үлкен саябақ жасадық. Биыл эко-парк жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған орай ауданын 20 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта жобаның сызбасы әзірленуде. Бүгінде мұнда жағалау бойына қайықпен серуендеу және халыққа су жағасында таза ауамен демалу аймағы салынуда. Жоба мамыр айында толық аяқталады. Сонымен қатар, демеушілер жылдың барлық мезгілінде тюбингпен сырғанау орнын салуды көздеп отыр. Біз бос жатқан жерді дұрыс пайдаланып, құрылысқа тек экологиялық заттарды қолданамыз, – деді қала әкімі.
Эко-саябақ ішіне Ту тұғыры орнатылып, шахмат ойнау аралы, ғашықтарға арналған қайыңдар мекені, этноауыл, су бұрқақ, жасанды сырғанақ салынып, жаяу жүргіншілер жолын Молалы көпіріне дейін ұзартылу жоспарлануда. Саябақ аумағына қолжетімділікті арттыру мақсатында қосымша жаяу жүргіншілер көпірі орнатылмақ.
Бұл жобалар табиғи ландшафтты сақтай отырып, тұрғындардың демалыс сапасын арттыруға бағытталған. Жетісу өңірінің табиғи сұлулығын тамашалауға келген туристер үшін эко-саябақ ерекше тартымды орын болмақ.
Осыдан кейін Бейбіт Исабаев «Балқаш Тазалық» кәсіпорнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Балқаш көлін тазарту мәселесін шешу мақсатында құрылған «Балқаш Тазалық» кәсіпорны Мемлекет басшысының туристік аймақтарда тәртіп орнату қажеттілігі туралы тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде.
Кәсіпорын директоры Думан Нүкербаев мекеменің қызметі мен материалдық-техникалық базасы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда ШЖҚ «Балқаш Тазалық» МКК-да 36 жұмыс орны құрылса, оны күтіп-ұстауға жалпы 201,5 млн. теңге бөлінген. Аспалы жабдықтары бар тракторлар, фронтальды-шағын тиегіштер, манипулятор, «КамАЗ», аралас жол машинасы, қоқыс таситын көліктер, вакуумдық автоцистерна, суару көлігі, «Газель» жүк-жолаушылар көлігі, көпфункционалды экскаватор, тіркеме, қайық, жағажай тазалау машинасы, пикап және екі бензин трициклін қоса алғанда 22 дана мамандандырылған техника сатып алынды.
– Біздің ұйым жазғы маусымда Балқаш көлінің жағалауын күтіп ұстауды қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, жағажайларды тазалап, қалдықтарды шығарып, санитарлық тораптар мен көшелерді жарықтандырып, жолдар мен тротуарларды тазалайды. Сондай-ақ, аумақтарды көгалдандырумен айналысады. Қалған уақытта кәсіпорын ауданды абаттандыру, жолдарды санитарлық тазалау және қысқы күтіп ұстау бойынша жұмыс атқаруда, – деді ол.
Сапар барысында аймақ басшысы туристік маусымда Балқаш жағалауындағы санитарлық жағдай мен абаттандыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Балқаш көлінің туристік әлеуеті мол. Біз көлге апаратын жолды жаңарттық, жағалауға тиісті инженерлік инфрақұрылымдарды тарттық, Лепсі ауылында қажетті әлеуметтік нысандар салдық, жағалаудың санитарлық тазалығын сақтауға жауапты мекеме құрып бердік, техникасы түгенделді. Қысқаша айтқанда, көл жағалауын дамытуға барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ендігі жерде сіздерден сапалы, жүйелі жұмыс қатаң талап етіледі. Туризмді дамыту – ауданның басым бағыттарының бірі болуы тиіс, – деді Бейбіт Исабаев.
Еске салсақ, облыста «Алакөл Тазалық» және «Балқаш Тазалық» жаңа коммуналдық мекемелері өткен жылдың соңында құрылған. Олар Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауы аймағын күтіп ұстауға жауап береді.
Келесі кезекте тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, халықпен кездесу жиынын өткізді. Басқосуда сөз алған Бейбіт Өксікбайұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарларды таныстырды.
Өз кезегінде аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында өнім көлемі 67,5 млрд. теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 102,3%-ға өсті. Өнеркәсіпте 16,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда ауданда 3 мыңнан астам бизнес субъектілері бар. Онда 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жергілікті бюджетке түскен салық, құрылыс жұмыстарының көлемі де артты. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы 136,8%-ға артық орындалды. Соңғы үш жылда 232 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Былтыр Сарқан қаласында 120 пәтерлі тұрғын үй кезекте тұрған аудан тұрғындарына берілсе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 62 баспана сатып алынды. Сарқан қаласының Тәуелсіздік көшесінің бойында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 60 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, – дей келе әр салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарды баяндады.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 69,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бүгінде егіс алқаптары 98,2 мың гектарды құрайды. Ауыспалы егістік әдісін қолдану мақсатында дәнді дақылдар молынан себіліп, 52,6 мың гектарға жеткізіледі. Осы межеге жету үшін «Кең дала-2», «Агробизнес» бағдарламалар арқылы 46 шаруашылық несие алған. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар толық жөндеуден өтіп, алдағы уақытта 90 техника сатып алу жоспарлануда. Мал басын асылдандырумен өңірде 26 шаруа қожалығы айналысады. Биыл қолда бар асыл тұқымды мал басы 10 мыңға жеткізілмек.
Ауызсу мәселесін шешу мақсатында былтыр Сарқан қаласының жоғарғы бас су торабына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Аудандағы 36 елді мекеннің 28-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, 6 елді мекенге ауызсу тасымалданып берілсе, 2 елді мекен орталықтандырылмаған. Күрделі болып табылатын Алмалы, Екіаша және Қойлық ауылдарындағы ауыз- су жүйелерін қайта жаңғырту мәселесін шешу мақсатында 2024 жылы тиісті жобалар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, аталған жобалар бойынша нақты шаралар жүзеге асады.
Көп тілегі – көгілдір отын. Осыған орай ауданды газбен қамтамасыз ету 2 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Аталған жобалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдары жүргізіліп, аудан аумағындағы 19 елді мекеннің 30 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді деп көзделуде.
Сарқан ауданында кең қанат жайып келе жатқан саланың бірі – туризм. Бұл жөнінде Ғалымжан Қанатұлы:
– Саланы дамыту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Балқаш көлінің жағалауында ешқашан болмаған су электр жүйесі, жол, кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Шомылу маусымы басталғанға дейін жалпы аумағы 29,3 гектарды құрайтын 3 коммуналдық жағажайдың құрылысы аяқталады. Нәтижесінде орта есеппен Балқаш көліне келетін демалушылардың саны жазғы маусымда 50 мың деп есептесек, осы инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң демалушылар саны 500-600 мыңға жуық өседі деп күтілуде. Сонымен қатар, көл жағалауындағы коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерiн конкурс арқылы инвесторларға беру жұмыстары басталды. Тау туризмін дамыту мақсатында «Жасыл көл» туристік жолына ағымдағы жөндеу, «Ағыны қатты» өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ, «Кіші Басқан» өзені арқылы өтетін көпірдің жобасы әзірленуде, – деді.
Кездесу соңында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Атап айтсақ, аудан тұрғыны Талғат Оралханов 1500 халқы бар Қарабөгет ауылындағы 1960 жылдары салынған аурухананың тозығы жеткенін айтып, жаңа аурухана салып беруін сұрады. Облыс әкімі бұл мәселенің келесі жылдан қалмай шешілетінін айтып, орынбасарлары мен аудан әкіміне нақты тапсырма жүктеді. Алмалы ауылының тұрғыны Әлия Есімжанова 1972 жылы салынған орта мектепке 2009 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе де ескіргенін, 640 балаға салынған білім ордасында 750 бала оқитынын жеткізді. Бұл мәселе алдағы жылы шешілетін болды.
Жиын соңында Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкіміне инвесторларды тарта отырып, тауарлы-сүт фермаларын, балық өсіруді, мал және балық өнімдерін терең өңдеуді қолға алу, аймақтағы жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету сияқты нақты тапсырмалар жүктеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





