Талдықорғанда тағы бір көпқабатты үй табиғи газға көшірілді. «Көктем» ықшамауданындағы №14 үй көгілдір отынға қосылды. Мамандар пәтерлерде іске қосу, реттеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтардың дұрыстығын тексеріп, газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді.
Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтың айтуынша, облыс орталығындағы тұрғын үй қорын табиғи газға ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда және коммуналдық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Қалада газдандыру 2016 жылы басталды, ал тұрғындарды табиғи газға қосу 2017 жылы жүзеге асты. Шаһардағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 1261,9 шақырым, газдандыру деңгейі – 90,3%. Қазіргі уақытта 41935 тұтынушы табиғи газ желісіне қосылған, тағы 54469 пайдаланушыны қосу жоспарланып отыр, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Айтуынша, 2022 жылы 2106 тұтынушы табиғи газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ал 2023 жылы 5493 тұтынушы, 2024 жылы 830 тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізді. 2025 жылы «Жастар-3» тұрғын үй алабында 25 шақырым газ желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл «Алмалы» және «Балықты» саяжай алқаптарында газ құбырларының құрылысы жалғасуда. Талдықорғанда 864 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 422-сі табиғи газға қосылған. Тағы 123 үй сұйытылған газбен қамтамасыз етілген.
Жүргізілген жұмыстардың арқасында жыл сайын табиғи газға көшірілген үй саны артып келеді. Осылайша, Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі құрылғаннан бері 2024 жылы көгілдір отынға 27, 2025 жылы тағы 28 көппәтерлі үй қосылған. Биыл қала әкімдігі бекіткен кестеге сәйкес 15 көппәтерлі тұрғын үй табиғи газға көшірілді. Қазіргі уақытта «Көктем» шағынауданындағы 14 пәтерлі №60 үйді қосу жұмыстары жалғасуда, – дейді Қуаныш Бақытұлы.
Талдықорғандағы газдандыру деңгейі қалған көппәтерлі, жеке тұрғын үйлер мен саяжай массивтерін қосқаннан кейін екі жыл ішінде 99%-ға жетеді деп күтілуде. Табиғи газға қосылған №14 үйдің тұрғындары өз қуаныштарымен бөлісті. Солардың бірі 72 жастағы Берікбол Атағозин:
Бұл үйге біз 2021 жылы алғаш рет пайдалануға берген кезде қоныстандық. Осы жылдар ішінде сұйытылған газды қолдандық. Туыстарымыз бен таныстарымыздан табиғи газдың артықшылықтары туралы талай естіп, оның ыңғайлы әрі үнемді екенін білдік. Соңғы екі жылда біздің үй тұрғындары пәтерлерді қосу үшін қаражат жинай бастады. Ал бүгінде ортақ арманымыз орындалды. Бұл тұрғындардың бастамашылдығы мен бірлігінің арқасында мүмкін болды. Осы жұмыстың ұйымдастырылуына үлкен үлес қосқан Ақкайше Алтынбекқызына ерекше алғысымды білдіремін. Үй тұрғындарының атынан қосылуға көмек көрсеткен мемлекеттік органдар мен мамандарға алғыс айтамын, – дейді.
Жалпы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының газдандыру бөлімінің басшысы Азамат Кемеловтың айтуынша, 2030 жылға дейінгі өңірлік газдандыру жоспарына сәйкес Жетісу облысындағы 356 елді мекеннің 210-ы газдандырылуға тиіс. Облыс құрылғанға дейін табиғи газға тек 5 елді мекеннің қолжетімділігі болған, ал газдандыру деңгейі небәрі 27%-ды құраған.
Соңғы үш жылда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда аймақтағы 110 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Газдандыру деңгейі 67%-ға жетті, ал облыстың 650 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – ұзындығы 302 шақырым «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы және алты автоматтандырылған газ тарату стансысын (АГТС) орнату болды. Үйлесімді жұмыстың арқасында жоба өткен жылы нормативтік мерзімнен бір жыл бұрын іске асырылды. Бұл Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын газдандыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта облыстың 16 елді мекенін газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Оның 12-сі Панфилов ауданында, 3-еуі Қаратал ауданында және 1 елді мекен – Ескелді ауданының Жалғыз-ағаш ауылында орналасқан. Жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде газдандырылған елді мекендердің саны 126-ға дейін артады. Газ инфрақұрылымын одан әрі кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жеке инвестициялар есебінен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінгі таңда жобалар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы 2027 жылға, аяқталуы 2028 жыл соңына жоспарланған.
Аймақта табиғи газды тұтыну жыл сайын өсіп келеді. Соңғы екі жылда көгілдір отынға деген сұраныс екі есеге артты. Осыған байланысты өткен жылы «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының екінші желісін салу жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жоба әзірлену сатысында, биылғы шілде айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу күтілуде. Аталған жобаларды іске асыру халықты газбен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етуге, аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Айгүл БАЙБОСЫН





