«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы міндеттер кезең-кезеңімен шешілуде. Соның ішінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі ретінде Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Жастар ауылында заманауи модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуын атауға болады.
Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі ең өзекті мәселелердің бірі болып келді. Ауылда медициналық пункттің болмауына байланысты тұрғындар аудан орталығына жүгінуге мәжбүр болды. Бұл жағдай, әсіресе қарттар, жүкті әйелдер және кішкентай балалары бар отбасылар үшін елеулі қиындық туғызды. Ұзақ жол жүру, қосымша қаржылық шығындар мен уақыттың жоғалуы тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етті.
Мәселе «AMANAT» партиясының алаңында көтерілді. Аудандық мәслихат депутаты Сәуле Құсмолданованың қатысуымен өткен азаматтарды қабылдау барысында Сағи Жүнісов ауыл тұрғындарының атынан медициналық пункт салу мәселесін шешуге көмектесу туралы өтініш білдірді. Ол ауылда бастапқы медициналық инфрақұрылымның жоқтығы азаматтардың тұрмысына айтарлықтай кері әсер етіп отырғанын атап өтіп, бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет екенін жеткізді.
Өтініш жедел қаралып, бақылауға алынды.Нәтижесінде партияның сайлауалды бағдарламасында айқындалған ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту басымдықтары аясында жаңа медициналық нысан салу туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде Жастар ауылында қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген заманауи модульдік фельдшерлік-акушерлік пункт өз жұмысын бастады. Бұл тұрғындарды алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен жаяу жететін қашықтықта қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Пунктте профилактикалық тексерулер, вакцинация, аурулардың алдын алу шаралары, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүргізіледі.
Бұл нысанның ашылуы ауылдағы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырудағы маңызды қадам болып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты бастамалардың айқын көрінісіне айналды.





