Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бір топ журналистің қолына баспана кілтін табыстағанда, сол қуанышқа сырттай сүйсініп, «осындай игі бастама бір күні өңірлерге де жетсе ғой» деген ізгі тілек жүрек түкпірінде жатқан еді. Биыл сол арман ақиқатқа айналып, мен де өз баспанамның кілтін қолыма алып, қоныстойын тойлағалы отырмын. Бұл ерекше сәтті журналист еңбегіне көрсетілген құрмет, мемлекет қамқорлығы, сала мамандарын қолдау деп білемін.
Маусымның 28-і – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамның тамырын басып жүрген журналистердің еңбегі еленетін ерекше күн. Бұқаралық ақпарат құралдарының туын көтерген мамандардың кәсіби мерекесі.
Журналистика мәртебелі мамандық саналғанымен сала қызметкерлері әлеуметтік қолдау мәселесінде көп жағдайда шет қалып келді. Соның салдарынан талай әріптесіміз баспана мәселесін шешу үшін жылдар бойы сабылып, мамандықтың бар ауыртпалығын көтеріп жүрсе де тұрмыстық қиындықтың салмағын қатар арқалауға мәжбүр болды.
Соңғы бірнеше жылда бұл бағытта оң өзгерістер анық байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қолдауға бағытталған нақты әрі нәтижелі жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның ең маңыздысы – журналистерді баспанамен қамтамасыз ету.
– Соңғы 3 жылда Астанада 200 журналист баспанамен қамтамасыз етілді. Қазір бұл бастаманың ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Жаңалықтарға талмай үлес қосып жүрген аймақтық тілшілердің жұмысы тиісті назар аударуға тұрарлық деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмам бойынша биыл алғаш рет аймақтарда жұмыс істейтін журналистерге пәтер кілттері табысталады, – деген еді Мемлекет басшысы.
Биыл Президенттің қолдауымен қазақ елінің әр аймағындағы түрлі БАҚ-та еңбек етіп жүрген 66 қызметкер пәтерлі болды. Соның бірі өзім екеніне әлі сене алар емеспін.
Бұл баспанаға бір күнде қол жеткізген жоқпыз. Оның артында қазақ журналистикасында өткен он жылдық еңбек, талай тағдырмен табысқан сәттер, елдің мұңын арқалаған күндер тұр.
Биыл қолыма микрофон мен қалам ұстағаныма он жыл толыпты. Осы уақыт ішінде Алматы, Өскемен және Талдықорған қалаларында тілшілік қызмет атқарып, қоғамның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін мақалалар мен телерепортаждар әзірледім. Әр материал арқылы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, елдік мәселелердің шешім табуына өзіндік үлес қосуға ұмтылдым. Бүгінгі қуаныш – сол адал еңбектің ел алдындағы бағасы.
Еңбек жолым республикалық «Асыл арна» телеарнасынан басталып, кейін Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай» телеарнасында, Жетісу облыстық «Жетісу» телерадиокомпаниясында, бүгінде облыстық «Jetіsý» газетінде жалғасын тауып келеді. Осы ақпарат құралдарында қызмет ете жүріп, танымдық жобаларды жүзеге асырып, республикалық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді көтердім. Жетісу жерінің жетістіктерін кеңінен насихаттап, ел өміріндегі жағымды жаңалықтарды көрермен мен оқырманға дер кезінде жеткізуге күш салдым.
Журналистикадағы кәсіби қалыптасуыма белгілі қаламгерлер мен тәжірибелі әріптестердің тәлімі ерекше әсер етті. Осы жолда Бейсен Құранбек, Серік Сарыбаев, Болатбек Қожан, Нұрболат Жантелеев, Гүлжанат Мақұлжанова, Сарби Әйтенова, Асыл Сұлтанғазы сынды жақсы адамдардан тағылым алып, олардың кәсіби мектебінен өттім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Ауылдан арман қуып қалаға қоныс аударған талай қазақ отбасы секілді біз де жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп, шиеттей балаларымызды жетектеп, өзгенің босағасын сағалап күн кештік. Бұл мыңдаған жас отбасының маңдайына жазылған ортақ тағдыр.Біз де сол жолдың ащы-тұщысын бастан өткердік.
Бүгін, міне, Алланың қалауымен өз шаңырағымыздың табалдырығын аттадық. Сыйға берілген осы 2 бөлмелі баспана біз үшін жылдар бойы үзілмеген үміттің, төгілген маңдай тердің, отбасы бақытының өтеуі. Қазір сол үйдің ішін балаларымыздың шат күлкісі кернеп тұр. Емін-еркін асыр салып ойнаған олардың дауысы – жарым екеуміз үшін ең қымбат әуен, ең үлкен бақыттың үні. Бұдан асқан қуаныш бар ма?!
Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлына, орынбасары Диас Рахметұлына, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Бақытұлына, «Жетісу Медиа» басшысы Ришад Тұрғанбайұлына, облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлына алғаусыз алғыс айтамын. Ел игілігі жолында істеп жатқан істеріңізге толайым табыс тілеймін. Құттықтап жатқан жанашыр жақындарыма, тілекші жандарға көптен-көп рахмет!
Қоныстойға келіңіздер, ағайын! Біз қалада тұрамыз.
Медет ЖҰМАБАЙ





