2026 жылғы 29 тамыз күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасына сәйкес Қаратал өзенінің жағалауында «Таза жағалау» акциясы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінгі сенбілікке 300 адам атсалысып, нәтижесінде 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника жұмылдырылды. Аудан тұрғындары да сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға және абаттандыруға өз үлестерін қосуда.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы аталмыш шараны Жетісу облысы бойынша Экология департаменті мен Талдықорған қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің мәліметінше, бұл жыл басынан бері өткізілген он екінші экологиялық шара. Оның сөзінше, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала аумағында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле береді.
Шараға мұрындық болған Жетісу облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Тауырбековтің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек тазалық жұмыстарын жүргізумен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Бұдан бөлек бастама аясында «Таза өлке», «Таза қала», «Таза ауа», «Таза ұйымдар» секілді түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Таза ауа» акциясы. Шара барысында автокөліктерден шығатын зиянды заттардың мөлшері тексеріліп, қоршаған ортаға әсер ететін шығарындылардың белгіленген талаптарға сәйкестігі бақылауға алынды. Жыл басынан бері акция аясында 55 автокөлік тексерілген. Нәтижесінде 5 қоғамдық көліктен шекті рұқсат етілген шығарындылар нормасынан асу фактісі анықталған. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты аталған көліктердің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тазалық – баршамызға ортақ міндет. Табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың жауапкершілігі.





