Ақ жүрекке ғылым-білім сыйдырып, қан тамырды тауарихқа идіріп, көкіректі күмбір-күмбір күй қылып, ой-санаға баба рухын, танымын, құндылығын – қалыбын, ақ сәулесін – жарығын тұтасымен құйдырып, Көк Түріктің ұрқы еткенге қуандық, алты Алашқа перзент болу – игілік.
Сол үшін алғыс, Жаратқан!
Тағдырынан теперішті көп көрген, қан да төккен, жан да берген, кектенген. «Тар жол, тайғақ кешкен» ғасыр өтінде, қарсы тұрып бодан деген өкімге алаулаған от кеудең, сонда бабам арыстандай ақырып аласұрған қара жердің бетінде, әз басынан сан зауалды өткерген, жас ұрпақты азат күнге жеткерген, айналайын асыл нәсіл текті елден!
Сол үшін алғыс, дүр Баба!
Манатыңа құлағанда шалқалап, мақпал белің жонын тосар алқалап, дидарында дүние деген дегдардың ақ маржандай көрінеді япыр-ау – аспан дейтін шартабақ;
сол зеңгірден қарағанда төменге, көз тұндырар Атамекен – кең өлкем, кең өлкемде 100 миллион боп ел ертең, бақыт құшсын лайым.
Ал Отанның айтар болсам шырайын – бұйрат-бұйрат құмы бар, бұғы жон текті қыры бар, өзені бар, суы бар, асқар тау мен нуы бар, Жетісуы – жұмағы, Алтайы – ата тұрағы, Атырауы – жыр әні… Мұқым қазақ өлкесі – алғыс Атамекенге!
Алғыс қымбат, Отанға…
«Сан алғыстың сапырғанда сабасын, тағы нендей қасиеттер табасың?», – десе біреу шабыттанып айтар ем, дүниенің ағы менен қарасын, айналайын жаңа қазақ – жас ұрпақ, өткен күннің жүрекпен сез бағасын, «Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый», «жаннан тәтті» хақты сүй, Отанды сүй – отты сүй, Бабаңды сүй – бақты сүй,
Сосын барып алғыс айт ақ Әлемге!
Алғыс күні керек әр жан, әр елге!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





